Қазақстанда техникалық байқау орындарына айыппұл салынып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көліктік бақылау органдары бақылау шаралары барысында көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу ережелерінің 700-ден астам бұзушылығын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аумақтық көліктік бақылау органдары 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 152 техникалық байқау операторын тексерді. Көлік құралдары мен олардың тіркемелеріне міндетті техникалық байқауды ұйымдастыру және өткізу қағидалары бойынша 724 бұзушылықты анықтады. Техникалық байқау операторларына қатысты 3 млн 849 мың теңге сомасына 193 әкімшілік материал жасалды, тізілімнен 88 оператор шығарылды», - делінген ҚР ИИДМ хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, 2018 жылдың қараша айынан бастап 2019 жылдың наурыз айына дейін жалған диагностикалық карталарды анықтау бойынша 150-ден астам рейдтік іс-шаралар өткізілді. Нәтижесінде, диагностикалық карталарды қолдан жасаудың 84 фактісі анықталды. Техникалық байқау операторларына қатысты 26 әкімшілік материал жасалды және 2 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, техникалық байқау операторларына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін 13 тапсырма жіберілді.

«Бүгінгі күнде «Техникалық байқау» бірыңғай ақпараттық жүйесіне бақылау-диагностикалық жабдықтардан ақпарат беретін мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету талаптары орнатылмаған. Міндетті техникалық байқауды бақылауды күшейту мақсатында «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, онда көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесімен ақпараттық өзара іс-әрекетті жүзеге асыратын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгілеу жоспарлануда», - деп аталып өткен министрлік мәліметінде.

Бұл түзету көлік құралын ұсынбай техникалық байқаудан өтуді болдырмайды, сондай-ақ жалпы көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізудің сапасын жақсартады. Бүгінгі таңда жоба мемлекеттік органдарда келісу үдерісінен өтуде.