Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру саласында басқарудың жаңа үлгісі жасалуда - Б.Жұмағұлов

ТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру саласында басқарудың жаңа үлгісі жасалуда. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Тәуелсіздікке 20 жыл: Қазақстан Республикасындағы адам капиталын дамытудың сапасы мен болашағы» атты халықаралық конференция барысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар осы уақытта жұмыс берушілер мен инвесторлардың қатысуымен ұлттық кеңес, салалық кеңестер мен өңірлік кеңестер құрылуда. Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, еңбек нарығының қажеттіліктеріне жауап беретін кәсіптік стандарттар әзірленуде. «Мұндай стандарттар бізде болған емес. Бұған қоса елде «Кәсіпқор» холдингі құрылуда. Бұған да міндетті түрде бизнестің қатысуымен білім беру ұйымдарын басқарудың корпоративті үлгісі енгізіледі. Аталмыш шаралар бүгінгі жиынға қатысушыларды қызықтырмай қоймайды деген ойдамын»,-деді министр.