Қазақстанда телефондарды тіркеу: қанша құрылғы бұғатталды

Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда верификациядан өтпеген мобильді құрылғыларды бұғаттау процесі басталды. 

Жасанды интелект және цифрлық даму министрлігі қазіргі уақытта 127 682 IMEI-код бұғатталғанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, бұл сан құрылғылардың нақты санына сәйкес келмейді, себебі бір смартфонда төртке дейін IMEI-код болуы мүмкін.

Смартфонды қайта қосу үшін пайдаланушылар верафикациядан өтіп, құрылғының елге заңды түрде әкелінгенін растайтын құжаттарды белгіленген тәртіппен ұсынуы қажет.

Тексеруден кейін мобильді құрылғылар үш тізімге бөлінеді:

• «Ақ тізім» – сәтті верификациядан өткен құрылғылар;

• «Сұр тізім» – уақытша тіркелген, иелері 30 күн ішінде құрылғының заңды әкелінгенін растауы тиіс;

• «Қара тізім» – белгіленген мерзімде верификациядан өтпеген құрылғылар.

Қазіргі уақытта «сұр тізімде» 886 003 IMEI-код бар.

– Бұл сан нақты құрылғылардың санына сәйкес келмейді, себебі бір құрылғыда 2-ден 4-ке дейін IMEI-код болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл көрсеткішке SIM-слоттары бар құрылғылардың IMEI-кодтары да кіреді. Мұндай жағдайда иелері жеңілдетілген тәртіппен верификацияға өтініш беруі қажет. Расталған соң, бұл IMEI-кодтар «ақ тізімге» ауыстырылады, – дейді Қазақстандағы IMEI верификациясы бойынша ATS MEDIAFON KZ компаниясы.

Ал «Тұтынушылардың ұлттық лигасы» ұйымының мәліметінше, ресми импорт үлесі өткен жылмен салыстырғанда 20-40 пайызға артқан. Сарапшылар бұл көрсеткіш енгізілген шаралардың тиімділігін дәлелдейді деп отыр.

Бұған дейін ұялы байланыс жүйесін айналып өтетін заңсыз сим-бокс құрылғысы анықталғанын жазғанбыз.