Қазақстанда темекі тартатын ерлер – 34%, әйелдер – 5%

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Қазақстанда темекі шегетін ересектердің үлесі 17,5 пайызды құрап, бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда төмендегені байқалды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Фото: pixabay.com

Бюроның мәліметінше, биылғы қаңтарда елімізде темекі тұтыну бойынша кезекті жыл сайынғы зерттеу жүргізілді. Сауалнама республиканың барлық өңірі мен үш ірі қаласы — Астана, Алматы және Шымкентте өткізіліп, оған 15 жастан асқан 12 000 үй шаруашылығының бір мүшесі қатысты.

Нәтижелер:

  • Халықтың 17,5%-ы темекі шегеді (2024 жылы — 20,7%);
  • Ауылдық жерлерде — 19,1%, қалаларда — 16,7%;
  • Темекі тартушылардың 93,8%-ы өнеркәсіптік дайын өнімді пайдаланады;
  • Ер адамдар арасында темекі шегу көрсеткіші — 34%, әйелдер арасында — 5%.

Ұлттық статистика бюросы бұл зерттеуді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) GATS халықаралық әдістемесі негізінде 2020 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіп келеді.

- Бұл деректер темекіге қарсы мемлекеттік саясат пен алдын алу шараларының белгілі бір нәтижелер бере бастағанын көрсетеді, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Қазақстанда темекі бағасы өзгерді.