Қазақстанда темекіні балаларға сататын орындарды анықтау бойынша рейдтер жүргізілуде

АСТАНА. ҚазАпарат - Қазақстанда 1 мамырдан бастап «Темекі заттарының заңсыз саудасын тоқтату» ұранымен Бүкіләлемдік темекісіз күнге арналған айлық өтуде.

«Айлық аясында еліміздің барлық өңірлерінде темекі бұйымдарын кәмелетке толмаған тұлғаларға сататын орындарды анықтауға арналған рейдтер; медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК), ұйымдарында медициналық және әлеуметтік қызметкерлерге, психологтарға арналған семинар-тренингтер; МСАК ұйымдарында, наркодиспансерлерде және студенттік емханаларда нарколог-дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер және психологтар кеңес беретін ашық есік күндері; темекі тарту проблемалары бойынша дөңгелек үстелдер мен дебаттар өткізіледі», деп атап өтілген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мәліметінде. 2014 жылы Қазақстанда темекі тарту туралы ересек тұрғындар арасында Global Adult Tobacco Survey (GATS) ғаламдық сауалнамасы жүргізілді. Зерттеудің негізгі нәтижелері қоғамдық денсаулықты нығайту және темекі түтінінен тұрғындарды қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыру барысында ескеріледі. Темекі тарту - денсаулыққа зиян келтіретін елеулі қауіптердің бірі. Жыл сайын әлемде 5 миллионнан астам темекі тартушылар мен бұрын шеккендер қайтыс болып, темекі түтінінің зиянынан 600 мыңнан аса темекі тартпайтын адам көз жұмады. Әрбір 6 секунд сайын темекіден 1 адам қайтыс болады, бұл - ересек адамдар арасындағы әрбір оныншы өлім.