Қазақстанда теміржол билеттерінің 40 пайызға жуығы жалған тұлғалар арқылы сатылады - Б.Дәрімбетов

АСТАНА. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанда теміржол билеттерінің 40 пайызға жуығы жалған тұлғалар арқылы сатылады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Байдалы Дәрімбетов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқарма төрағасының атап өткеніндей, бүгінде вокзал ғимараттарында мемлекетке қарасты 301 және ғимарат аумағынан тыс тағы 600-ге жуық теміржол кассалары жұмыс істейді. Ел аумағында мемлекеттің құзырына қарасты - 27, жергілікті атқару органдарына қарасты - 94 вокзал бар.

«Бүгінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы ел аумағында орналасқан вокзалдың барлығын «Вокзал сервис» АҚ-ның қарамағына өткізу мәселесін көтеріп жатыр. Себебі, қазіргі үрдіс біртұтас технологиялық жүйеде жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр», - деді ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, бүгінде теміржол билеттерінің 30-40 пайызы жалған тұлғалар арқылы жасырын сатылады және бұл мәселеде аталмыш басқарма дәрменсіз. «Билеттерді сатумен жалданып алынған отбасылар айналысатынын білеміз. Бірақ осы мәселе бойынша көлік полициясы ұстаған тұлғаларды, заңнамада жауапқа тарту қарастырылмағандықтан, босатып жіберуге тура келеді», - деп атап өтті Б. Дәрімбетов.