Қазақстанда теңіз өнімдерінің бағасы қанша
Kazinform агенттігінің тілшісі Қазақстан өңірлеріндегі асшаян, шаян және мидия бағасын білді.
Теңіз өнімдері Омега-3 май қышқылына бай. Сондықтан болар кейінгі кезде адамдар аптасына бір күнді балық жеуге арнайды. Бұл жүрек-қан тамырлары жүйесін нығайтуға, холестерин деңгейін төмендетуге және зат алмасуды қалпына келтіруге септігін тигізеді. Сонымен бірге теңіз өнімдерінде бойға тез сіңетін ақуыз бар. Йод, мырыш, селен, кальций және қалқанша безі жұмысына оң әсер ететін В тобының дәруменін теңіз өнімдерінен таба аламыз. Адам иммунитетін нығайтады, жүйке жүйесін қалпына келтіреді.
Балық, асшаян, шаян және мидияны тұрақты тұтыну шаш, сүйек, бет терісіне пайдалы. Медицина қызметкерлері аптасына бір емес, екі рет тұтынуға кеңес беретіні содан болса керек.
Сол теңіз өңірдері адамдар үшін қолжетімді ме?
Біз асшаян, шаян және мидия бағасын салыстырдық. Таңдау өте көп. Кей өңірде тірілей сатса, енді бірде тазартып, түрлі дәмдеуіш қосып сатады. Баға да соған қарай өзгеріп отыр. Бір ғана асшаянның сыраға арналғаны, аргентиналық, мұздататылғаны, тұздалғаны, тазартылғаны және ауланған күйі ұсынылғаны бар. Ал шаян бағасы көбіне көлеміне қарай өзгеріп отырады.
Сонымен бірге арнайы мәзірмен дайындалғаны және тірілей сататыны болады. Мидия көбіне екі түрде сатылады. Бірі тазарылған, екіншісі ауланған күйі.
Асшаянның арзаны келісіне 4 мың теңге. Мұндай бағаны Қызылорда, Көкшетау және Павлодардан табуға болады. Таразда баға сәл жоғары. Мұнда асшаянның келісі 4 160 теңге. Ал Алматыда баға - 4 490 теңге.
Асшаян бағасы Петропавлда (4 725 тг басталады), Шымкентте (5 400 тг басталады), Оралда (5 500 тг басталады) және Қостанайда (5 800 тг басталады) орташа. Семей, Түркістан, Астана, Өскемен мен Талдықорғанда асшаянның келісін 6 000-7 000 теңгеге сатып алуға болады.
Қарағанды мен Жезқазғанда (8 000-9 000 теңгеден басталады) баға Қызылорда, Көкшетау мен Павлодарға қарағанда екі есе жоғары. Асшаянның ең қымбаты Ақтөбе қаласында сатылады. Мұнда келісі 9 700 теңге және одан жоғары.
Теңіз өнімдерінің бірі - шаян. Қазақстанда шаян бағасы 3 000 теңге. Бұл бағаға Түркістанда тірі шаян сатып алуға болады. Ал Астана, Қостанай, Алматы мен Қарағандыда баға сәл жоғары. Келісі - 3 500 теңге.
Қазақстанның кейбір өңірінде (Талдықорған, Петропавл, Көкшетау, Семей, Орал, Павлодар, Тараз, Ақтөбе, Шымкент, Жезқазған және Өскемен) шаянның орташа бағасы 4 000 теңгеден басталып, 5 000 теңгеге жетіп тұр. Ал Қызылордада шаянның келісі - 8 500 теңге. Бұл еліміздегі ең жоғары баға.
Тағы бір теңіз өнімі - мидия. Оны еліміздің барлық өңірінен таба алмайсыз. Ең арзаны Петропавл мен Павлодарда. Баға келісіне - 3 500 теңге.
Көкшетауда (4 000 тг), Таразда (4 100 тг), Ақтөбеде (4 500 тг) және Оралда (4 800 тг) баға орташа. Сондай-ақ кейбір өңірде мидия бағасы 5-7 мың теңге аралында. Мәселен Қостанайда (5 000 тг), Алматыда (5 300 тг), Талдықорғанда (5 590 тг), Өскемен мен Семейде (6 000 тг), Қарағанды мен Түркістанда (6 500 тг) және Шымкентте (6 800 тг) баға орташа.
Ал ең қымбаты Жезқазған (8 000 тг) мен Астанада ( 9 725 тг) сатылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан қалаларында кешенді түскі ас бағасы туралы жазылды.