Қазақстанда тиімсіз ауыл шаруашылығы субсидиялары жойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тиімсіз ауыл шаруашылығы субсидиялары жойылды. Бұл жайында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлі Асқар Мырзахметов Қарағанды қаласында өткен халықпен есепті кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Субсидияның 65 түрі қайта қаралып, тиімсіз 11-і алынып тасталды. 40-ның критерийлері өзгертілді. Ал 14-і өзгеріссіз қалдырылды. Нәтижесінде жыл сайын 25 млрд теңге үнемделетін болады. Ал өзгертілген критерийлер сол бюджеттің аясында ауыл шаруашылығы өндірісі көлемін орта есеппен 29 процентке арттырмақ», - деп атап өтті министр.

Асқар Мырзахметовтің айтуынша, өткен жыл экономиканың аграрлық секторы үшін аса табысты болды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2016 жылы 3,6 трлн теңгені құрады, бұл алдыңғы жылдың деңгейінен 5,5 процентке жоғары. Өндіріс көлемінің өсімін соңғы 10 жылда алғаш рет барлық облыстарды қамтып отыр. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 164 млрд теңгеден 253 млрд теңгеге дейін өсті.

Ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарлама аясында егіс алқаптарын әртараптандыру басталды. Бұл үшін министрліктер мен әкімдіктер арасында арнайы меморандумға қол қойылды. Яғни, оның аясында майлы және жемдік дақылдардың аумақтары кеңейтіліп, жарма мен мал азықтық дақылдары, сондай-ақ, қант қызылшасы аумағын 930 мың гектарға арттыру қарастырылған.

«Көктемгі далалық жұмыстар үшін несиелердың соңғы бағамы тұңғыш рет 6 процентке төмендеді. Бұл көрсеткіш былтыр 9 процентті құраған болатын. Өз кезегінде, бұл жағдай несие беру құрылымдары сатыларының қысқаруы нәтижесінде мүмкін болып отыр»,-  деді ол.

Министрдің дерегінше, ауыл шаруашылығы кооперацияларын қолдау үшін биылғы жылы 52 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамту бойынша 27 млрд теңге және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 25 млрд теңге қарастырылған. Егер мемлекеттік бағдарлама бойынша 2017 жылы 326 кооператив құру жоспарланған болса, енді оның санын 467-ге жеткізу жоспарланып отыр. 30 мамырға дейін 286 бірлік, оның 102-сі сүт дайындау бойынша, 181-і ет өндіру және дайындау бойынша тіркелді. 20136 бас ірі қараға арналған отбасылық мал бордақылау алаңдары мен 51 жылыжай салынды. Ауылшаруашылық өнімдерінің тауар өндірісіне 40 мыңнан аса ЖҚШ мен шағын фермерлік шаруашылықтар тартылды.