Қазақстанда тіркелген шетел елшіліктерінің 80 пайызы елімізге ресми ноталарды қазақ тілінде жолдайды

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен шетел елшіліктерінің 80 пайызы елімізге ресми ноталарды қазақ тілінде жолдайды. Бұл туралы бүгін Астанада үш тілде жарыққа шыққан дипломатиялық сөздіктердің тұсаукесер рәсімінде ҚР Сыртқы істер вице-министрі Қайрат Сарыбай мәлім етті.

«Қазақстанға арналған ресми ноталарды қазақ тілінде жолдау жөнінде 2007 жылы Қазақстанның Сыртқы істер ведомствосын сол кезде басқарған Марат Тәжин ұсыныс тастаған болатын. Бұл, ең біріншіден, сол елдің мемлекеттік тіліне деген құрмет, екіншіден практикалық тұрғыда өте тиімді. Ол кезде бірді-екілі елшілік қана Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне ресми ноталарды қазақ тілінде немесе оның қазақ тіліндегі аудармасымен қоса беріп жүрді. Қазіргі уақытта Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен елшіліктердің 80 пайызға жуығы бізге ноталарды қазақ тілінде немесе оның қазақ тіліндегі аудармасымен жолдайды», - деді Қ.Сарыбай.