Қазақстанда тіл оқыту орталықтарының құны қанша

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM –  Еліміз бойынша ағылшын тілін үйрететін курс Қарағандыда, ал қазақ тілін үйрену Астана қаласында қымбат. Оралда бір адамға арналған курс бағасы төмен, ал Ақтөбе мен Астанада жоғары. Kazinform агенттігінің тілші тіл оқыту курстарының бағасы салыстырды.

Бірнеше тілді қатар меңгеру бұл құр мақтан емес, дамудың жолы. Қазақша сауатты сөйлегіңіз келе ме, әлде әлем тілін меңгергіңіз келе ме? Ол сіздің өз еркіңіз. Қазір еліміздің тіл оқыту курстарының бағасы әртүрлі. Қай өңірде тіл меңгеру курсының бағасы тиімді екенін біле жүрейік.

Ең жоғары баға Алматы мен Астана қаласында. Мұнда ағылшын тілін топпен бірге меңгеру құны бір адамға айына 30 мың теңгеден басталады. Ал жеке өзіңіз ғана оқысаңыз сағатына 6 мың теңге. Астанада қазақша үйрену курсы өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда қымбат. Мұнда баға айына - 45 000 теңге. Ал Алматыдаорта есеппен айына 32 500 теңге төлеп қазақша үйренуге болады. Астанада бір өзіңіз бір сағатқа 6 мың теңге төлеп қазақша үйрене аласыз. Алматыда қазақша жеке сабақ алу Астанадан 2 мың теңгеге арзан.

Қарағанды мен Жезқазғанда баға шамалас. Мұнда топ болып ағылшын тілін үйренгіңіз келсе айына 25 000 теңге төлейсіз. Еліміздегі орташа бағаны алсақ, Қарағандыда тіл оқыту курсының құны жоғары болып тұр. Жеке курс сағатына 5-6 мың теңге. Ал қазақ тілін үйрететін топта білім алу курсы айына 20 мың теңге болып тұр. Қазақ тілін жеке меңгеру құны ағылшын тілі курсына шамалас.

Шымкентте ағылшын тілін үйрететін адамдар ай сайын курсқа 30 мың теңге жұмсайды. Қазақ тілін үйренетіндер де осы ақыны төлейді. Ақтауда ағылшын тілінің курсы 40 мың теңге болса, қазақ тілінің курсы бұдан екі есе арзан. Екі қалада да жеке курс сағатына 3-5 мың теңге аралығында.

Қонаевта екі тілдің курсы 27 мың теңгеден басталып, 36 мың теңгеге дейін барады. Жеке оқу сағатына 4-5 мың теңге. Еліміз бойынша тіл оқыту орталықтарының қызмет құны Ақтөбе, Атырау мен Көкшетауда орташа. Бұл қалаларда ағылшын тілін топпен оқу үшін 25-30 мың теңге төлейсіз. Ал қазақша үйрену үшін айына 20-25 мың теңге қажет. Ағылшын тілінен жеке сабақ алу - 3-6 мың теңге, қазақша үйрену сағатына - 4-5 мың теңге. Ақтөбеде ғана жеке оқу курсы еліміз бойынша ең жоғары болып тұр.

Павлодар мен Талдықорғанда баға сәл төмен. Ағылшын тілі курсы - 25-30 мың теңге, қазақ тілі курсы - 20-25 мың теңге. Ағылшын тілін бір өзіңіз оқып, меңгергіңіз келсе сағатына 2-3 мың теңге, қазақ тілі курсына сағатына 3-5 мың теңге төлейсіз.

Қостанай, Қызылорда мен Таразда екі тілді де үйрететін орталықтардың бағасы қолжетімді. Бұл қалаларда ағылшын тілі курсы айына орта есеппен 20 мың теңге, қазақ тілі курсы шамамен 25 мың теңге. Жеке оқу курсының құны сағатына - 2-5 мың теңге аралығында. Қызылордада ағылшын тілін, ал Қостанайда қазақ тілін оқыту курсының құны жоғары болса, Таразда екі курстың да бағасы орташа.

Өскемен мен Семейде, Түркістанда тіл үйрену арзанға түседі. Ағылшын тілі курсының құны 20 мың теңгеден аспайды, ал қазақ тілі курсы - 13-18 мың теңге аралығында. Ағылшын тілін жеке оқу үшін сағатына 2-3 мың теңге төлейсіз, қазақша үйрену одан мың теңгеге қымбат.

Ең тиімді баға - Орал мен Петропавлда. Петропавлда ағылшын тілін оқыту курсы айына 13 500 теңге, ал қазақша үйрену - 11 000 теңге. Оралда ағылшын тілі курсының құны 19 500 теңге, қазақ тілі курсы - 14 мың теңге. Петропавлда жеке оқу сағатына 4 мың теңге болса, Оралда ағылшын және қазақ тілін үйрену курсы сағатына - 2-2,5 мың теңге. Бұл еліміз бойынша ең төмен баға.

Бұған дейін Қазақстан қалаларында киімді химиялық тазалау қызметінің құны туралы жазылды.