Қазақстанда тоғыз айда 24 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026 жылдың тоғыз айында 24 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылды. Қазіргі уақытта «ашық аспан» режимі еліміздің 17 әуежайында қолданылады. Бұл туралы ҚР Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Фото: pexels

Министрдің айтуынша, «ашық аспан» режимі халықаралық әуе қатынасын кеңейтуге және шетелдік әуе компанияларын тартуға мүмкіндік береді. Аталған режим әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін пайдалануды көздейді. Яғни шетелдік тасымалдаушылар Қазақстан қалалары арқылы үшінші елдерге тұрақты рейстер орындай алады.

Әуе қатынасын дамыту жұмыстары әуежай инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар жүргізіліп жатыр.

– Әуежай инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Кендірлі, Зайсан және Катонқарағайда үш жаңа әуежай салынып жатыр. Арқалық әуежайы қайта іске қосылды, Павлодарда ұшу-қону жолағы жаңартылды, – деді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар шетелдік туристер ағынын арттыру үшін визалық рәсімдерді жеңілдету шаралары қолға алынған. Бүгінде 105 елдің азаматы Қазақстанға келу үшін бір реттік электрондық виза рәсімдей алады.

Айта кетейік, Қазақстан мен Жапония арасында тікелей әуе рейсі іске қосылады.