Қазақстанда Төмен байытылған уран банкі жобасы бюджетке әсер етпейді - Бозымбаев
«Біріншіден, бюджетке бұл жоба ешқандай әсер етпейді. Өйткені, шығындардың барлығын, яғни уранды жеткізу, экспортттық және импорттық операцияларды іске асыру, қадағалау, мониторинг жасау агенттіктің тарапынан қаржыландырылады. Әрине, түсімдер де болмайды, себебі бұл жоба осынысымен ерекшеленіп отыр»,- деді Қ. Бозымбаев.
Осы орайда аталған банк уран сақтайтын үлкен қойма қызметін атқарады. Сонымен қатар банктегі төмен байытылған уран қоры тек агенттіктің меншігінде болады.
«Егер де дағдарыс кезінде бір мемлекеттің сұранысы болса, агенттік құзыретіне сәйкес шешім қабылдайтын болады»,-деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Парламент Мәжілісі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Қазақстан Республикасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
2011 жылғы 29 шілдеде Қазақстан өз аумағында Төмен байытылған уран банкін орналастыру ниеті туралы ресми өтінімді халықаралық агенттікке жіберді. Өтінімде қарастыру үшін екі алаң ұсынылды, яғни Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты және бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағындағы №5 алаңы қамтылды. 2011 жылы 29 тамыздан 2 қыркүйек аралығында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің техникалық миссиясы қосылыған алаңдарды қарып, Үлбі металлургиялық зауытын таңдады. Бұл 65 жылдық тарихы бар кәсіпорын, оның 45 жылдан астам мерзімінде осындай материалмен жұмыс істеу тәжірибесі бар.