Қазақстанда төртінші зауытты салудың орнына Шымкенттегі мұнай зауыты кеңейтілуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда төртінші зауытты салудың орнына Шымкенттегі мұнай зауыты кеңейтілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада «Kazenergy» қауымдастығының 2013 жыл бойынша Ұлттық энергетикалық баяндамасын таныстыру барысында аталған қауымдастықтың бас директоры Әсет Мағауов мәлім етті.

«Жанармай бағасын өсіру шешімі өзекті болды. Бірақ бұл шешім Ресейден жоғары октанды бензиннің қажетті көлемі бұдан ары қарай тасымалдануын экономикалық ынталандырады», - деді ол.

Ә. Мағауовтың пайымынша, бензиннің жетіспейтін көлемін сырттан тасымалдау еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталғанша жалғасады.

«Әлемдегі үрдіске тоқталатын болсақ, шағын мұнай өңдеу зауыттары бәсекеге қабілетті емес, яғни 5 млн. тоннаға дейінгі зауыттарды жапқан дұрыс. Сондықтан елімізде 1-2 млн. тонна мұнай өнімдері жетіспей тұрған кезде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу экономикалық тұрғыда тиімсіз. Атап айтқанда, біз мұнай өңдеу қуатын 18 млн. тоннаға дейін арттырып жатырмыз, сондай-ақ ашық түсті мұнай өнімдерді шығару қамтамасыз етіледі. Осы орайда ортамерзімді болашақта барлық қажеттілікті Қазақстандағы үш зауыттың есебінен жабатын боламыз (мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылғаннан кейін). Алайда, болжам бойынша 2024-2025 жылға қарай мұнай өнімдерін тұтыну көлемі артатын болады», - деді ол.

Бұл тұрғыда Ә. Мағауов еліміздегі үш зауыттың бірін кеңейту әлеуеті бар екендігін атап өтті.

«Менің ойымша, Шымкент мұнай өңдеу зауытына екпін қойылып отыр және қуаттылығы бұдан ары қарай кеңейтілмек. Кеңестік кезеңде бұл зауытты ірі өндіріс алаңына айналдыру жоспары ескерілген болатын. Қазіргі кезде ұлттық компания осы зауыттың базасында қандай әлеуетті көлемде арттыру керектігі жөніндегі мәселені зерттеуде», - деп түйді ол.