Қазақстанда төртінші радиофармацевтикалық препарат өндіріле бастады

Фото: Фото: https://t.me/udp_dadebayev

Бұл туралы Kazinform ҚР Президентінің Іс басқарушысы А. Дәдебаевтың ресми telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Ядролық медицина орталығының кезекті қуанышты жаңалығын өздеріңізге хабарлағым келіп отыр. Әріптестеріміз отандық медицина саласындағы маңызды нәтижеге қол жеткізіп, төртінші радиофармацевтикалық препарат өндіруді бастады. Күрделі нейроэндокринді онкологиялық патологияны диагностикалауға қолданатын 18F-DOPA препараты елімізде алғаш рет шығарылып отыр. Осылайша, Орталықтағы 6 препарат, оның ішінде осында өндірілген төрт препараттың көмегімен ПЭТ/КТ зерттеулерінің жиырмадан астам түрі жасалады», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда жыл басынан бері осы Орталықта Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша келген адамдарды қоса алғанда, барлығы 6 мыңнан астам зерттеу жүргізілгені айтылған.

Радиофармпрепараттардың көмегімен науқастарға неғұрлым ерте әрі дәл диагноз қою қатерлі дертті жеңуде өте маңызды екенін атап өткен жөн.

«Ядролық медициналық орталықтың ұжымын бүгінгі жетістігімен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жемісті болып, дертіне дауа іздеген жұртшылықтың алғысына бөлене беріңіздер!», - деп жазды telegram-арна.