Қазақстанда төтенше жағдайлар салдарынан қаза тапқандар саны азайып келеді - В.Божко

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда төтенше жағдайлар салдарынан қаза тапқандар саны азайып келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.

«Ағымдағы жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша төтенше жағдайлардан қаза болғандар 16,6 пайызға, зардап шеккендер 7,1 пайызға азайғанын атап өткім келеді», - деді министр.

Оның атап өтуінше, өткен жылы 2012 жылмен салыстырғанда өрт саны 15,6, зардап шеккендер 7, қаза тапқандар 12,2, материалдық залал 3,1 пайызға азайған. Қауіпті өнеркәсіптік нысандарда жазатайым оқиғалардан көз жұмғандар 35,3, жарақаттанғандар 33,3 пайызға кеміген.

«2013 жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар 17,6 пайызға азайып, зардап шеккендер 13,3, мерт болғандар 15,9 пайызға азайды», - деді В.Божко.