Не болып жатқанын білмек болып ұялы телефонына байланысқа шыққан ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевқа да иығын қиқаң еткізген көрінеді. «Жер сілкінісі және басқа да табиғи апаттар кезінде бірінші кезекте барлығын құлақтандыру мәселесі алаңдатады. Менің ойымша, бұл тұрғыда үлкен жұмыстар атқаруымыз керек. Соңғы кезде Алматы облысында орын алған жер сілкінісін алматылықтар сезінді. Мәселен, мен оны туған-туыстарымнан білдім. Владимир Карповичке телефон шалсам, ол, төтенше жағдайлар министрі білмейді. Міне, бізде жүйе осылай қалыптасқан. Министрге әлі ақпарат жетпеген, ал Алматы облысы, Алматы, олардың барлық туған-туыстары дүрлігуде, твиттерде де ақпарат жүр», - деді бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің алқа мәжілісінде Б.Сағынтаев.
Жалпы алқалы жиында белгілі болғаны, өткен жылы еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі апаттық-құтқару жұмыстарына 66668 мәрте шығып, 6969 адамның өмірін аман алып қалды. Сонымен төтенше жағдай аймағынан 6010 адамды қауіпсіз жерге көшіріп, зардап шеккен 2704 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті. 2012 жылдың сәуір айының басында Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына 339 құтқарушы, 70 бірлік техника, жағалауды нығайту мен жарылыс жұмыстарын жүргізуге арналған 44 бірлік жүзу құралын алдын ала жіберу арқылы елді мекендерді су басу қаупінен арылтты. Осылайша қамданғанның қапы қалмайтындығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Дер уақытында аса қауіпті № 6 және 13-бис мұздақ-мұзды көлдерге инженерлік-қорғаудың кешенді шараларын жүзеге асырды. «Қақпан» мұздақ көлінде, Қорғас өзенінің бассейнінде жұмыстарды жандандырып, оның көлемін 2 млн. текше метрге дейін төмендетті. «Мемлекет басшысының тапсырысымен салынған Көксарай су реттегішінде соңғы жылдары 6 млрд. текше метр су тасқынының суы жиналды. Нәтижесінде соңғы 3 жыл көлемінде Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында ауқымды су тасқындары орын алған жоқ», - деді В.Божко.
Оның атап өтуінше, өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен жүзеге асырылған аттестаттау нәтижесінде қызметтік тәртіп артып, қызметкерлердің теориялық, тәжірибелік және физикалық дайындығы жақсарған. Айта кетерлігі бұл шара барысында, 1096 қызметкерді кадрлық резервке алуға, 671-і лауазымын төмендетуге, 260-сы басқа қызметке ауысуға ұсынылса, 852-сі жұмыстан шығарылған. Жұмысында қалғандардың айлықтары да жаман емес. 2008-2012 жылдары аралығында министрліктің бюджеті 2,5, ал ағымдық шығыстары 2,3 есе артқан. Ал өткен жылы бөлінген 73,2 млрд. теңге бюджет қаржысының 39 пайызы қызметкерлерінің жалақысына берілген. «Бұл Президент шешімінің арқасында Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің еңбек ақысы өскендігін білдіреді және де қазіргі уақытта біз барынша лайықты жалақыға иеміз», - деді министр.
Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, министрліктің жедел ден қою күшін автокөлікпен және арнайы техникамен жабдықталу деңгейі орташа есеппен 5,9, ал құрал-жабдықпен жабдықтау 9,6 пайызға өскен. Бұл қуанарлығы, өрт сөндіретін техникалардың шамамен 60 пайызы өз елімізде шығарылады.
Есепті кезеңде өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 68903 нысанға тексеру жұмыстары жүргізіліп, 350 мыңға жуық өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидалары мен нормаларының бұзылуы анықталған. Өрт қаупі бар және қызметкерге шын мәнінде қатер төндіретін 6226 нысанның қызметі уақтылы тоқтатылған. Айта кетерлігі, бизнеске әкімшілік қысымды азайту үшін рұқсаттық рәсімдерді қысқарту бойынша шаралар да ведомство тарабынан қабылдануда. Бүгінгі таңда министрлік беруі тиіс 199 рұқсат құжатының тек 26-сы қалып, 5-еуі хабарламалық сипатқа ауыстырылды. Жалпы министрлік өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларында 75290 тексеріс өткізді, ол 2011 жылмен салыстырғанда 11 пайызға аз.
Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы Елбасы елімізде зілзалалар, табиғи апаттардан сақтандыру мәселесі жолға қойылмағандығын сынға алып, осы министрліктің алдына нақты міндеттер де жүктеген еді. Осы іске ведомство білек сыбана кіріскен көрінеді. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында табиғи апаттардан сақтандыру жүйесінің жаңа тәсілдерін әзірлеу басталды. Отандық сақтандыру жүйесінің дамымауына байланысты табиғи апаттардан келетін шығындардың сақтандыру компаниялары тарабынан өтелуі өте сирек. Мұндай жағдайда баспанамен қамтамасыз ету, олардың материалдық проблемаларын шешу мәселелері түгелдей дерлік жергілікті атқарушы органдардың мойнына түседі. Төтенше жағдайларды сақтандыру қарапайым тапсырма емес, ол шешілуі тиіс. Өйткені әлемдік тәжірибе мұның азаматтарды қорғауда барынша тиімді әдіс екендігін көрсетіп отыр», - деді В.Божко.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігі техникалық қайта жабдықтаудың салалық бағдарламасын әзірлеуде. Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны жоюға арналған ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның аясында сол бағыттағы жұмыстары қарқындатуда. Мәселен, өткен жылдың қазан айында Парламент Мәжілісіне «Азаматтық қорғау туралы» біріктірілген Заң жобасы енгізілген. Жоба төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл саласындағы жаңа тәсілдер мен заманауи тенденциялар ескеріліп әзірленген, сондай-ақ онда тәуекелдерді басқару тетіктері ескерілген.
Жиын қорытындысына ҚР Премьер-Миинстрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев Төтенше жағдайлар министрлігінің алдына ТЖМ техникалық қайта жарақтандыру салалық бағдарламасының жобасын әзірлеу, пайдалануға берілген және үдемелі индустриалдық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бастапқы 5 жылдығы аясында салынатын нысандарда өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жергілікті атқару органдарымен олардың өңірлеріне тән төтенше жағдайларға қарсы тұру инфрақұрылымын дамыту бойынша іс-шараларды ұйымдастыру, мемлекеттік материалдық резервтердің материалдық құндылықтар номенклатурасын қайта қарау сынды міндеттер жүктеді.