Қазақстанда той жасау қанша тұрады

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform тілшісінің хабарлауынша, жүз адамға арналған банкет өтетін қаласына, залға және тойдың ауқымына қарай 650 мың теңге де, 10 млн теңге де болуы мүмкін.

Коллаж: Kazinform

Қазақстандағы той мерекелік дастарқан ғана емес, бұл — отбасылық және қоғамдық мәдениеттің бір бөлшегі. Қиын уақыттың өзінде адамдар туған-туысты жинап, дастарқан жайып, қунышын бөлісуге тырысады және оған ет жақындарын ғана шақырып қоймайды. Сондықтан қазақстандық тойдың шағын көлемде өтуі өте сирек. Үйлену тойы, құдалық, мерейтой және сүндет тойға келетіндер саны жүзден кем болмайды. 

Бірақ салыстыру үшін біз шартты түрде 100 адам деп алдық. Барлық қаладағы банкет залдары бір адамға деп есептейтіндіктен салыстыру қиын болған жоқ. Бұл сомаға әдетте дайын мәзір ұсынады, оған бірнеше салат, салқын тіскебасар, таралған ет өнімдері, жеміс-жидек, тәттілер, сусындар мен бір-екі ыстық тағам кіреді. Бірақ мейрамхананың өзі — той шығынының бір бөлігі ғана. Асаба, ән-би, дыбыс, жарық, LED-экран, безендіру, фото мен видео бөлек есептеледі. Егер үнемдесе, мұндай қызмет түрлері шамамен 200-500 мың теңге аралығында болады. Қаласаңыз, мерекені кинодадағыдай етіп өткізе аласыз, ал бұл банкеттің бағасынан асып түсуі мүмкін.

Шымкентте ең арзан тойдың өзі қалтаңызды қағып түседі. Егер банкет мәзірін ғана есептесе, 100 адамдық тойдың құны 2-3 млн-ға дейін барады. Атақты әрі қымбат заңдарда бұл сома 6 млн-ға дейін жетуі мүмкін. Егер оған той жүргізушіні, артистерді, безендіруді, фото, видео, ән мен құрал-жабдықты жалға алу құнын қоссаңыз, тойды жақсы атқарып шығуға кемі 6-10 млн теңге керек.

Фото: Kazinform

Алматыда жағдай сәл өзгеше. Мегаполистен қалауыңызға қарай 100 адамға арналған банкетті 1,2 млн теңгеге өткізе аласыз. Барынша қалтаға қонымды баға бір адам үшін 22 мың теңге шамасында. Егер оған қосымша шығындарды қоссақ, ең арзан той 1,5-2,5 млн теңге болады. Алматыда той құнының жоғарғы шегі жоқ деуге болады. Қымбат мейрамхананы, кеңейтілген мәзір мен қызмет түрлерінің толық топтамасын қаласаңыз, баға 6 млн теңгеге барады. Мұндай жағдайда бір адам үшін 50 мың теңге немесе одан жоғары төлеуге тура келеді.

Ел ордасында да баға осы шамада. Астананың банкет залдары адам басына шамамен 15 мың теңгеден бастап 55 мың теңгеге дейін сұрайды. Бұған асаба, аппаратура, фотограф, безендіру мен өзге де қызмет түрлерін қосқанда тағы кем дегенде 200-500 мың теңге керек. Сондықтан ең тиімді баға шамамен 1,7 млн теңгеден басталып, 6 млн теңгеге дейін барады.

Үш мегаполистен кейін баға бірден төмендейді, дегенмен, бәрінде біркелкі емес.
Өскеменде қарапайым банкет залдары адам басына 12 мың теңге сұрайды, ал өте қымбаты — 30 мың теңге. Барлық бағдарламаны қоса есептегенде той шығыны 1,5 млн теңгеден кем түспейді, орташа шығын 3,5 млн теңге шамасында.

Таразда той өткізу бағасы өңірлердегі орташа деңгейге жақын. Егер өте үлкен әрі қымбат емес банкет залдарына жүгінсеңіз, 100 адамға арналған тойды 1,2 млн теңгеге өткізуге болады. Деңгейі одан жоғары тойханаларға адам басына 25-30 мың теңгеден шығындаласыз. Онда қосымша шығындармен бірге қорытынды шығын кем дегенде 3,5 млн теңгеге жетеді.

Петропавл базалық баға жөнінен қолжетімді өңір саналады. Мұнда қарапайым тойды шамамен 1,4 млн теңгеге өткізесіз. Бұл тек дастарқан үшін, оған тіскебасар, салат пен екі ыстық тамақ кіреді. Жоғары баға 25 мың теңгеге дейін барады, яғни 100 адамдық банкет кемі 2,5 млн теңге болады. Ең қымбат мейрамханалардың өзінде кейбір қызмет түрлері мен мәзірдегі жекелеген тағамдар үшін бөлек ақы есептелуі мүмкін. Мысалы, шәй, ет, арақ-шарап, сондай-ақ қосымша қызмет үнемі базалық көрсеткішке кіре бермейді.
Еліміздің батыс өңірінде баға саясаты әртүрлі деңгейде.

Коллаж: Kazinform

Ақтөбеде мәзір адам басына 8 мың теңгеден басталып, 30 мың теңгеге дейін барады. Алайда мұнда оған көбіне аппаратура, дыбыс, жарықпен безендіру, кілем жолы мен LED-экран қосылады. Асаба үшін бөлек төлейсіз. 

Ең төменгі шек Атырауда сияқты. Ең арзаны 8 мың теңгеден басталады, қалауыңызға қарай ол баға жан басына есептегенде 25 мың теңгеге жетуі мүмкін. Алайда бұған ас мәзірінен басқа ештеңе кірмейді. Қосымша шығындарды қосқанда 100 адам үшін 1-3 млн теңге шығындалуға тура келеді.

Қостанайда баға айырмашылығы аса жоғары емес, бірақ бұған қарап арзан қала дей алмайсыз. Адам басына ең үнемді баға — 10-12 мың теңге. Одан жоғарысы 18-20 мың теңгеге дейін жетеді, алайда әңгіме тек ас мәзірі туралы. Той жүргізушісін, шоу-бағдарламаны, құрал-жабдық пен басқасын қосып, қуанышыңызды еселеу үшін тағы кемі 500 мың теңге шығындаласыз. Белгілі жүргізушілер, агенттіктер, әрине, одан да көп сұрауы ғажап емес.

Қарағанды мен Жезқазғанда ең төмен баға 100 адам үшін 1 млн теңгеге барады. Егер танымал мейрамхана таңдап, қосымша қызметті қоссаңыз, баға 2,5 млн теңгеден бір-ақ шығады. Тойдың бүкіл шығынын мейрамхана көтерген жағдайда адам басына 15-20 мың теңге сұрайды. Нәтижесінде дайын банкет 100 адам үшін 2 млн теңге болады.
Қызылордада бір адам үшін ең әрісі — 20 мың теңге. Дегенмен, одан да арзан тойхана табуға болады, ал баға 8 мың теңге шамасында. Қосымша қызмет пен қызмет көрсетушінің құны аса қымбат емес. Сондықтан тойдың жалпы құны 1-2,5 млн теңге аралығында.
Қостанай баға жөнінен Алматыға жақын. Тіпті қалтаға қонымды деген 100 адамдық тойды 1-1,4 млн теңгеге өткізесіз. Тойхана одан қымбат әрі ас мәзірі ауқымды болса, баға 2,3 млн теңгеге жақындайды.

Түркістанда, керісінше, үнемдеуге мүмкіндік зор. Қалада адам басына 6500 теңге алатын банкет залдары табылады. Қосымша шығындарды қосқанда 1 млн теңгеге той өткізе аласыз. Ақшаның бетіне қарамай той өткіземін десеңіз, 2,3 млн теңге төлейсіз, ол кеңейтілген мәзір мен бағдарламаны қамтиды.

Ақтауда 100 адам үшін той 1-2,3 млн теңге шамасында. Бірақ баға айырмашылығы Түркістандағыдай үлкен емес. Ең қымбат тойханалар алаң, мәзір және қызмет көлемімен ерекшеленеді. Бағасында айтарлықтай айырмашылық байқалмайды.

Павлодар ас мәзірінің ғана емес, қосымша қызмет ақысымен де қызық көрінді. Қалтаға қонымды баға адам басына 10-12 мың теңгеден, одан қымбаты 16 мың теңгеге дейін. Тіпті арзанын іздесеңіз, 8 мың теңгеге табуға болады. Нәтижесінде 100 адамды шақырып, 1,2-2 млн теңге қалдырасыз. Аппаратура, жарық, LED-экран мен асаба Алматы мен Астанаға қарағанда екі есе арзан. Кейде оған той-думанды тікелей трансляциялау қызметін қосуға дайын. Сөйтіп, аппаратура пакеті шамамен 200 мың теңге болады.

Талдықорған 8-10 мың теңгеге тәуір залдарын ұсынады. Одан қымбат алаңдар екі есе шығын. Сондықтан қолжетімді той бағасы 1-2 млн теңге аралығында құбылады.
Осыған ұқсас көрініс Көкшетауда да байқалады. Мұнда ең қымбат ұсыныстың өзі барынша арзан. Дегенмен, қызмет көрсетуші мен қосымша қызмет ақысын қосқанда шамалас.
Семей баға тиімділігі жөнінен ең қолжетімді қала көрінді. Мұнда адам басына 4,5 мың теңге алатын банкет залдары да бар екен. Тіпті 100 адамды 650 мың теңгеге шақыруға болады. Әйтсе де, сән-салтанаты келіскен банкеттер мен қымбат ұсыныстар да бар, олардың бағасы шамамен 2,2 млн теңгеден басталады.

Одан төмен бастапқы баға Оралда байқалды. Жергілікті тұрғындар адам басына 3,5 мың теңге төлеуге болатын банкет залдарын таба алады. Одан әрісі 6 мың теңге болады. Қымбат мейрамханалар 10-15 мың теңге сұрайды. Осылайша 100 адамды 700 мың-2,2 млн теңгеге күте аласыз. Бұл жерде ескеретін бір жәйт, залды жалдау ақысы қосымша шығыннан бөлек есептеледі.

Біз бұған дейін Қазақстанда желдеткіш қанша тұратынын, сондай-ақ квас, газдалған сусын мен ауызсудың бағасын жазғанбыз.