Қазақстанда тозған су желілерін жаңарту үшін 2 трлн. теңге инвестиция қажет - ИДМ

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан бойынша сумен қамту желілерінің 60 пайызы тозған. Тозған су құбырларын бір ретте жаңарту үшін  алдын ала есеп бойынша 2 трлн. теңге қажет. Бұл туралы бүгін Астанада қалаларды су желілерімен жəне кəріздермен қамтудың өзекті мəселелері талқыланған семинар кезінде ҚР Инвестициялар жəне даму министрлігі Құрылыс жəне тұрғын үй шаруашылығы комитетінің төраға орынбасары Бейбіт Шаханов мəлім етті.

"Қазір Қазақстанда су желісіне өте көп инвестиция қажет. Ал, мемлекеттің саясаты бұл керек қаржыны бюджеттен тыс қаражаттан тартуға бағытталған. Сондықтан, қазір біз халықаралық қаржы ұйымдарымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Президент өзінің соңғы жолдауында  тапсырғандай, мемлекеттік-жекеменшік əріптестікті дамытамыз. Сондықтан, бүгінгі семинар қаржы бөлу  мен инвестияция тартудың тетіктерін талқылау үшін жақсы пікірталас алаңы болды. Азия даму банкі мен Еуропаның қайта құру жəне даму банкінің  бұл бағыттағы тəжірибесі мол", - дейді Б.Шаханов.

Оның айтуынша, осындай пікірталас алаңын пайдалансын деп осы семинарға облыс əкімдіктерінің өкілдері шақырылған. Яғни, аймақтан келген осы саланың мамандары шетелдік банк өкілдерімен тікелей кездесіп, проблемалар мен инвестициялар мəселесін талқылай алады.

"Республика бойынша сумен қамту желілерінің 60 пайызы тозған. Бірақ, тозған құбырлар үнемі кездесетінін түсіну керекпіз, себебі, жаңа салған дүние жыл санап тоза бастайды. Сондықтан, үнемі  инвестиция тартып  отыру керек. Алдын ала есеп бойынша, Қазақстан бойынша су желісіне керек инвестицияның көлемі шамамен 50 қалаға - 2 трлн. теңге", - дейді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, қазір Еуропаның қайта құру жəне даму банкімен су құбырларын жаңарту үшін 28,5 млрд. теңгеден артық инвестиция тартылады деген нақты уағдаластық орнаған екен.  Ал мемлекет тарифтердің өсіп кетпеуін бақылау үшін 10 млрд теңге көлемінде қаражат бөледі. "Өйткені, əлеуметтік мəселені ұмытып, тарифтерді еркіндікке жіберуге болмайды",-дейді ол.

Айта кетейік, аймақ-аймақтың өкілдері қатысып жатқан семинарды Еуропаның қайта құру жəне даму банкі, Азия Даму банкі мен ҚР Инвестициялар жəне даму министрлігі бірлесе ұйымдастырып отыр.

Соңғы жаңалықтар