Қазақстанда травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсету стандарты жаңартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылғы 26 мамырдағы бұйрықпен елімізде травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына өзгерістер енгізді.

Фото: ҚР ДСМ

Жаңа редакцияда бекітілген стандарт жарақаттар, тірек-қимыл аппаратының аурулары мен сүйек-бұлшықет жүйесі сырқаттары бар пациенттерге амбулаториялық, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың талаптары мен қағидаларын айқындайды.

Травматологиялық және ортопедиялық көмек медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы бар денсаулық сақтау ұйымдарында меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан көрсетіледі. Стандартқа сәйкес медициналық көмек көрсету үш деңгей бойынша ұйымдастырылады.

Бірінші деңгейге дәрігерлік амбулаториялар, травматолог және ортопед кабинеттері, травматологиялық пункттер, сондай-ақ травматология бөлімшелері жоқ аудандық ауруханалар жатады.

Екінші деңгейде құрамында травматология бөлімшелері бар көпбейінді ауданаралық және қалалық ауруханалар қызмет көрсетеді.

Үшінші деңгейде көпбейінді облыстық ауруханалар, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың көпбейінді ауруханалары, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар медициналық көмек көрсетеді.

Сонымен қатар өңірлік травматологиялық орталықтар мен профильдік медициналық ұйымдардың негізгі міндеттері мыналар болып белгіленген:

– алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдармен, жергілікті атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жарақаттанудың алдын алу шараларына қатысу;

– сүйек-бұлшықет жүйесі (СБЖ) аурулары мен жарақаттарын ерте диагностикалау;

– СБЖ жарақаттары мен аурулары бар науқастарды клиникалық хатамаға сәйкес емдеу;

– қалпына келтіру емін және медициналық оңалтуды ұйымдастыру;

– жоғары технологиялық медициналық қызметтерді енгізу және қолдану;

– бейінді мамандардың біліктілігін арттыру;

– өңірлік травматология орталығына бекітілген өңірді талдау және ұйымдастыру-әдістемелік қолдау.

Құжатта халыққа шұғыл, кезек күттірмейтін және жоспарлы травматологиялық әрі ортопедиялық көмек көрсету профильдік ұйымдардың негізгі қызмет бағыттары ретінде айқындалған.

Сондай-ақ тірек-қимыл аппаратының жарақаттары мен аурулары кезінде шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек амбулаториялық, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған көмек көрсететін ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Ал жарақат салдары мен сүйек-бұлшықет жүйесі аурулары бар пациенттерге жоспарлы түрде мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек өңірлендіру деңгейлеріне сәйкес Портал арқылы жолданады.

Жоспарлы медициналық көмек көрсету жүйесі мынадай деңгейлер бойынша ұйымдастырылады:

– бірінші деңгей – аудандық ауруханалар;

– екінші деңгей – көпбейінді ауданаралық және травматологиялық бөлімшелері бар қалалық ауруханалар;

– үшінші деңгей - өңірлік травматология орталықтары, көпбейінді облыстық ауруханалар, көпбейінді қалалық ауруханалар, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым.

Травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсету амбулаториялық жағдайда консультациялық-диагностикалық және емдік көмекті, қажет болған жағдайда стационарға жатқызуға жолдауды қамтиды.

Стационарды алмастыратын жағдайда диагнозға және клиникалық хаттамаларға сәйкес мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.

Стационарлық жағдайда пациенттерге мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіліп, тағайындалған ем жүргізіледі. Сондай-ақ дәрігердің күнделікті тексеруі, емдеу тактикасын түзету, бөлімше меңгерушісінің консультациясы және қажетті мамандардың кеңесі ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, медициналық құжаттама ресімделіп, пациент ауруханадан шығарылған кезде стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді көшірме беріледі.

Медициналық ұйымнан тыс жерде жедел жәрдем бригадалары шақырту орнына келген кезде, санитариялық автокөлікте немесе медициналық авиация арқылы тасымалдау барысында, сондай-ақ медициналық пойыздарда, жылжымалы медициналық кешендерде, далалық госпитальдарда және қашықтан медициналық қызмет көрсету кезінде де көмек көрсетіледі.

Жоспарлы госпитализация кезінде пациент жеке басын куәландыратын құжатты, клиникалық-диагностикалық зерттеулердің нәтижелерін және госпитализация күні көрсетілген жолдаманы ұсынуы тиіс.

Пациентті жолдаған медициналық ұйым қажетті клиникалық-диагностикалық тексерулерді, сондай-ақ клиникалық хаттамаларда көзделген қосымша зерттеулерді жүргізеді.

Қабылдау бөлімінде стационарлық пациенттің медициналық картасы №001/у нысаны бойынша рәсімделеді. Сондай-ақ жаңартылған стандартта сондай-ақ жарақаттардың салдары мен сүйек-бұлшықет жүйесі аурулары кезінде, оның ішінде балаларға жоспарлы түрде мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету тәртібі, тірек-қимыл аппараты жарақаттары кезінде медициналық көмек ұйымдастыру қағидалары және күйік алған пациенттерге медициналық көмек көрсету тәртібі белгіленген. Бұйрық 2026 жылғы 15 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін Қазақстанда жақсүйек-бет хирургиялық көмегін көрсетудің жаңа стандарты әзірленді.