Қазақстанда тіркелген көліктердің Өзбекстанда жүру мерзімі 6 айға дейін ұзартылуы мүмкін
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазақстан азаматтарының Өзбекстанда өз көлігімен жүру мерзімі 90 күннен 180 күнге дейін ұзартылуы ықтимал. Бұл туралы Мемлекеттік кеден комитетінің Стратегиялық жоспарлау және кедендік рәсімдерін оңайлату басқармасының бастығы Фарход Олимжонов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
- Өзге мемелекеттердің азаматтарына жеке пайдалану үшін шетелде тіркелген көлігін Өзбекстанға 1 жыл ішінде 90 күннен аспайтын мерзімге әкелуге рұқсат етіледі. Алайда, бұл кезеңді кедендік төлем жасай отырып, ұзартуға болады, - деді Kazinform агенттігі тілшісінің сауалына жауап берген Фарход Олимжонов.
Басқарма басшысы атап өткендей, әр тәулік үшін 1 базалық есептік шама (16 500 теңге) мөлшерінде қаражат алынады.
- Қазіргі уақытта бұл мерзімді ұзарту мәселесі пысықталып жатыр. Біз қазақстандық әріптестерімізбен бірнеше кездесу өткіздік. Тиісінше, бүгінде біздің басқарма аталған мерзімді 90 күннен 180 күнге дейін ұзарту туралы заң жобасын әзірлеуде, - деп қорытындылады Фарход Олимжонов.
Айта кетейік, былтыр Өзбекстандағы қазақ жазушыларының оннан астам кітабы жарық көрді.