Қазақстанда цифрлық активтерді ерікті түрде жария ету тетігі әзірленеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бұрын сатып алынған активтер қазақстандық платформаларға аударылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов мәлім етті.

Фото: Kazinform

- Биыл Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлықтың негізгі мақсаты - цифрлық активтерді Қазақстанның реттелетін нарығына тарту. Біздің ұстанымымыз қарапайым: тыйым салу емес, реттеу. Жарлықта үш негізгі бағыт көзделген. Біріншіден, активтерді көлеңкелі нарықтан шығару. Жыл соңына дейін цифрлық активтерді ерікті түрде жария ету механизмі әзірленеді. Жеке және заңды тұлғалар бұрын өндірілген немесе сатып алынған активтерін қазақстандық лицензияланған платформаларға аудара алады. Барлық процесс қаржы мониторингі талаптарына сәйкес жүргізіледі, - деді Ғ. Байтұрсынов. 

Екіншіден, салық бойынша ынталандыру ескерілген. Жеке тұлғалар қазақстандық провайдерлер арқылы жүргізілген операциялар бойынша жеке табыс салығынан босатылады. Бұл норма 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады. Бұл азаматтарды шетелдік платформалардан Қазақстанның реттелетін нарығына көшуге ынталандырады.

- Үшіншіден, пайдаланылмай жатқан ресурстарды цифрлық майнингке тарту қарастырылған. Бұл бағыт кен орындарында ілеспе мұнай газынан автономды түрде электр энергиясын өндіруді көздейді. Бүгінде кейбір мұнай кен орындарында өндірілетін ілеспе мұнай газы толық пайдаланылмайды. Оның бір бөлігі жағылады немесе жер қойнауына қайта айдалады.

Осы жағдайды пайдалана отырып, кен орындарында ілеспе газдан электр энергиясын алуға мүмкіндік бар. Бұл энергияны кейін цифрлық майнингке қолдануға болады. Бүгінде Энергетика министрлігімен бірлесіп тиісті механизм әзірленді. Бұл тұрғыда майнер жер қойнауын пайдаланушымен келісіп, кен орнының өзінде автономды электр станциясын орната алады. Бұл жоба бірыңғай электр жүйесіне жүктеме түсірмейді. Нәтижесінде бос жатқан ресурс экономикалық айналымға тартылады. Газды жағу көлемі азаяды. Жаңа инвестициялар мен жұмыс орындары пайда болады. Бюджетке қосымша салық түседі. Осындай тәсілді шахта метанына да қолдану мүмкіндігі қарастырылуда, - деді вице-министр.

Бұған дейін Қазақстан пайдаланылмай жатқан газды цифрлық майнингке қолдануы мүмкін екенін жазған едік.