Қазақстанда цифрлық архитектураның жаңа қағидалары бекітілді: не өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторинг жүргізу қағидаларын бекітті.

Фото: pexels

Құжат домендік тәсіл негізінде мемлекетті басқарудың бірыңғай цифрлық моделін қалыптастыру тәртібін белгілейді. Бұл архитектура цифрлық объектілерді, оның ішінде «Цифрлық үкімет» платформасында іске асырылатын объектілерді басқаруға арналған.
Қағидаларға сәйкес, цифрлық архитектураны дамыту архитектуралық шешімдердің бірлігіне, цифрлық жүйелердің өзара үйлесімділігіне, бұлтты технологияларға дайындыққа, модульдік қағидатына, деректер сапасы мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негізделеді.

Цифрлық архитектура төрт кезеңмен қалыптастырылады. Олар – қызмет архитектурасын, деректер архитектурасын, цифрлық объектілер архитектурасын және цифрлық инфрақұрылым архитектурасын әзірлеу.

Бұл жұмыс қолданыстағы цифрлық архитектураны талдауды, мемлекеттік басқару салалары бойынша даму мақсаттары мен көрсеткіштерін айқындауды, сондай-ақ мақсатты модельді әзірлеуді қамтиды.

Цифрлық архитектураны қалыптастыру барысында клиентке бағдарланған процестер енгізіліп, мемлекеттік органдар арасындағы қайталанатын деректер жойылады. Сондай-ақ негізгі деректер цифрлық форматқа көшіріліп, Архитектуралық үйлестіру орталығы бірыңғай архитектуралық бақылауды жүзеге асырады.

Цифрлық архитектура жобасы дайын болғаннан кейін келісу үшін уәкілетті органға жолданады.

Жобаны қарауға 10 жұмыс күні беріледі. Егер ескертулер болса, құжат пысықтауға қайтарылады. Оны пысықтауға 10 жұмыс күні бөлінеді. Ал қайта қарау мерзімі бес жұмыс күнінен аспайды.

Келісілгеннен кейін мемлекеттің цифрлық архитектурасы электрондық форматта архитектуралық порталға орналастырылады.

Мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторинг жүргізу қағидаларын енгізу туралы бұйрық 2026 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі. 

Еске салайық, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс саласында цифрлық жобалауға көшу нәтижесінде жобаларды сараптау мерзімін екі есеге дейін қысқарту жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.