Бұл туралы Цифрлық кодекстің ережелерін іске асыруға арналған конференцияда ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде деректер капитал, табиғи ресурстар мен инфрақұрылым сияқты стратегиялық активке айналып келеді. Олар жасанды интеллектіні дамытуға, цифрлық сервистерді жетілдіруге, заманауи басқарушылық шешімдер қабылдауға және цифрлық экономиканы дамытуға негіз болып отыр.
Сонымен қатар Цифрлық кодекс қабылданғанға дейін Қазақстанда цифрлық деректер өнімдерімен алмасу жүзеге асырылатын платформалардың жұмысына қатысты бірыңғай қағидалар болған жоқ. Сондай-ақ осы нарыққа қатысушылар арасындағы қатынастар кешенді түрде реттелмеген еді.
— Жасанды интеллектінің дамуы, мемлекеттік басқаруды цифрландыру, деректер көлемінің ұлғаюы және жаңа цифрлық сервистердің пайда болуы оларды пайдаланудың заманауи құқықтық негізін қалыптастыруды талап етті, — деді Ұлттық статистика бюросының басшысы.
Оның айтуынша, бұл міндетті Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі шешуге бағытталған. Құжатқа биыл қаңтарда Мемлекет басшысы қол қойып, шілде айында күшіне енді.
Атап айтқанда, алғаш рет заңнамалық деңгейде цифрлық деректер өнімдерін алмасу және айналымға арналған платформалардың құқықтық мәртебесі, цифрлық деректер өнімі ұғымы, деректер экономикасын дамыту жөніндегі уәкілетті органның өкілеттіктері, сондай-ақ осы нарықтың жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары айқындалды.
— Осылайша, Қазақстанда заманауи деректер экономикасын қалыптастырудың негізі қаланды, — деді Мақсат Тұрлыбаев.
Жаңа нормаларға сәйкес, цифрлық деректер өнімдерін алмасу және айналымға арналған платформа – мұндай өнімдерге қолжетімділікті қамтамасыз етіп, оларды алмасуға әрі пайдалануға мүмкіндік беретін цифрлық алаң.
Цифрлық деректер өнімі – деректерді өңдеу нәтижесінде алынған, әрі қарай пайдалануға және алмасуға жарамды өңделген әрі жинақталған нәтиже.
Жаңа нарыққа цифрлық деректер өнімдерін жеткізушілер мен тұтынушылар, сондай-ақ тиісті платформалардың меншік иелері мен иеленушілері қатыса алады. Сонымен бірге заңнамада зияткерлік меншік құқығын және осындай өнімдерге байланысты зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау көзделген.
Мұндай платформалардың қызметін реттеудің негізгі қағидалары Цифрлық кодекстің 31-бабында бекітілген. Ал осы нормаларды іс жүзінде іске асыру үшін бірқатар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер енгізу көзделген. Атап айтқанда, цифрлық деректер өнімдерін алмасу және айналымға арналған платформалардың жұмыс істеу қағидалары, оларды арнайы тізілімге енгізу өлшемшарттары, сондай-ақ цифрлық деректер өнімдерінің құнын бағалаудың үлгілік әдістемесі көзделген.
Бұған дейін Қазақстанда цифрлық деректер өнімдерін алмасу мен айналымға шығаруға арналған алғашқы төрт платформа мемлекеттік тізілімге енгізілгені хабарланған болатын.