Қазақстанда цифрлық қауіпсіздікті күшейтетін жаңа ұлттық стандарттар бекітілді

Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Техникалық реттеу және метрология комитеті деректерді, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді және елдің цифрлық инфрақұрылымын қорғауды күшейтетін төрт жаңа ұлттық стандартты бекітті.

Атап айтқанда, ҚР СТ 1073-2025 «Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдары. Ақпараттық қауіпсіздік пен өмірлік цикл үрдістеріне талаптар» стандарты қабылданып, ол бұрын қолданыста болған ҚР СТ 1073-2007 стандартын алмастырды. Сонымен қатар ҚР СТ 4009-2025 «Ақпараттық технологиялар. Ақпаратты криптографиялық қорғау. Блоктық симметриялық шифрлау алгоритмі» стандарты бекітілді.

Бұдан бөлек, халықаралық талаптарға негізделген ҚР СТ ISO/IEC 15408-4-2025 «Ақпараттық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және құпиялылықты қорғау. Ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігін бағалау критерийлері. 4 бөлім. Бағалау әдістері мен әрекеттерінің спецификациясының құрылымы» және ҚР СТ ISO/IEC 15408-5-2025 «Ақпараттық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және құпиялылықты қорғау. Ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігін бағалау критерийлері. 5 бөлім. Қауіпсіздік талаптарының алдын ала анықталған пакеттері» стандарттары күшіне енді.

Жаңа стандарттардың екеуі деректердің құпия сақталуын, бұрмаланбауын және рұқсатсыз қолжетімділіктен қорғалуын қамтамасыз ету үшін елде меншікті криптографиялық шифрлау құралдарын қолдану тәртібін айқындайды. Ал қалған екі стандарт мемлекеттік ақпараттық жүйелерді және құпия ақпаратпен жұмыс істейтін жүйелерді қоса алғанда, ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін тексерудің бірыңғай әрі ашық ережелерін белгілейді.

Аталған құжаттар шифрлау құралдарын қолданудан бастап, ақпараттық жүйелердің барлық өмірлік цикл кезеңдеріндегі сенімділігін бағалауға дейінгі ақпаратты қорғаудың кешенді тәсілін қалыптастырады.

Нәтижесінде Қазақстан цифрлық тұрақтылықты нығайтып, маңызды ақпаратты қорғауды күшейтеді және технологиялық әрі криптографиялық тәуелсіздікке қол жеткізу жолында маңызды қадам жасайды. Ұлттық стандарттарды енгізу қорғалатын ақпаратқа қатысты шетелдік шешімдерден туындайтын қатерлерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Атырауда 5 мыңнан астам жәдігер цифрлық форматқа көшірілді.