Қазақстанда цифрлық және AI-спорт федерациясы құрылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда оқушылар арасында онлайн спорт жарыстарын өткізуге мүмкіндік беретін AI Sport платформасы дамып келеді. Жоба балаларды бұқаралық спортқа тартуды, олардың физикалық қабілетін бағалауды және спорттың өзіне лайық түрін таңдауға көмектесуді көздейді.

Фото: Kazinform

Бұл туралы AI-спорт федерациясының президенті Ғабит Салтыбаев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.

Оның айтуынша, мектептерде спорттық жарыстар мен спартакиадалар көбіне офлайн форматта өтеді. Соның салдарынан барлық оқушының қатысуына мүмкіндік бола бермейді. Ал онлайн платформа бұл шектеуді азайтып, спортпен айналысқысы келетін балалардың барлығына жол ашады.

Видеодан алынған кадр

— Мәселен, бір мектепте 2 мың оқушы болса, жарысқа олардың шамамен 10 пайызы ғана қатысуы мүмкін. Ал онлайн форматта әлдеқайда көп балаға мүмкіндік беруге болады. Біздің мақсатымыз — бұқаралық спортты қолжетімді ету, — деді Ғабит Салтыбаев.

Қазір платформада бес спорт түрін цифрландыру жұмысы жүріп жатыр. Жоба аясында 57 жаттығу әзірленген. Алғашқы онлайн жарыс үстел теннисінен ұйымдастырылып, жеңімпаздар да марапатталған. Енді жарыстарды ел көлемінде және халықаралық деңгейде өткізу жоспарланып отыр.

*Жасанды интеллект баланың спортқа бейімін анықтайды*

Платформаның тағы бір мүмкіндігі — оқушылардың физикалық қабілеті мен қимыл-қозғалысын талдау. Жасанды интеллект жаттығуды орындау барысын бағалап, баланың қай спорт түріне бейімі барын анықтауға көмектеседі.

— Жарысқа қатысушылардың физикалық мүмкіндіктері мен қимыл ерекшеліктерін талдаймыз. Жасанды интеллект арқылы баланың қай спорт түріне икемі барын анықтауға болады. Осы мәліметтерді спорт федерацияларымен бөлісіп, қабілеті жоғары балаларды тиісті спорт түрлеріне ұсынуды көздеп отырмыз, — деді федерация президенті.

Оның сөзінше, мұндай талдау балалардың әлеуетін ертерек байқап, спорттық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Онлайн жарыстар халықаралық деңгейде өтеді

AI Sport платформасында оқушылар жаттығуларды камера арқылы орындайды. Жүйе олардың қимылын бағалап, нәтижесін есептейді. Жаттығуды орындау кезінде қате жіберілсе, платформа оны арнайы белгі арқылы көрсетеді. Осылайша қатысушы өз нәтижесін бақылап, қай тұста қателескенін көре алады.

Алдағы уақытта балаларды спортқа қызықтыру үшін түрлі челлендждер мен марафондар өткізу жоспарланған. Онлайн формат әлемнің әр түкпіріндегі оқушылардың бір жарысқа қатысуына мүмкіндік береді.

Жоба авторларының мақсаты — цифрлық технологияларды пайдалана отырып, спортпен айналысатын балалардың санын арттыру және олардың қабілетін дамытуға жағдай жасау.

Айта кетейік, кеңсе қызметкерлерін ЖИ арқылы спортқа тартудың жолы табылды.