Қазақстанда туберкулезбен ауыру көрсеткіші 11,9 пайызға азайды
«Туберкулезге қарсы шаралардың, бағдарламаның арқасында Қазақстанда ауру көрсеткіші 2014 жылмен салыстырғанда 11,9 %-ға, өлім-жітім көрсеткіші 22,4 %-ға азайды. Бұл шаралар ҚР 2014-2020 жылдардағы туберкулезге қарсы күрес кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып отыр. 2015 жылдың соңында да эпидемиологиялық көрсеткіш төмендеп жатыр», - деді Мәлік Аденов.
Оның айтуынша, көрсеткіштердің төмендеуі еліміздің барлық аймақтарында, барлық адамдар санатында байқалып отыр. 12 аймақта бір уақытта 457 адамды қабылдай алатын 32 күндізгі стационар бар. Қазақстанда құрт ауруы асқынған 1 адамды емдеуге жылына 1,9 млн теңге жұмсалады.
ДСҰ өкілдерінің соңғы бағалау сапары барысында сарапшылар Қазақстандағы қолға алынған жұмыстарға өте жоғары баға берді.
«ДСҰ өкілдері Қазақстанның көп жетістікке жеткеніне көз жеткізді. Оның ішінде диагностика, емдеу, балалар ауруын азайту т.б. бар. Әсіресе, кадрлар дайындау, стационарлық емдеуден амбулаторлық емдеуге көшу, қабылданып жатқан бағдарламалар бар. Дәрілерді жеткізу, тиімді пайдалану барлығы жолға қойылған», - деді М..Әденов.