Қазақстанда туберкулезбен күрес тақырыбына арналған тұңғыш журналдың тұсауы кесілді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Туберкулез проблемалары ұлттық орталығында «Туберкулезбен күрес» тақырыбында халықаралық конференция басталды. Оған Алматы қаласындағы туберкулезге қарсы диспансерлердің бас дәрігерлері, медициналық университеттердің профессорлары, Ұлттық және қалалық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары және медицина саласында қызмет атқаратын бірқатар халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысуда.

Өз баяндамасында Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры Тілеухан Әбілдаев Қазақстанда туберкулез дертінің алдын алу, оны емдеу саласында қол жеткен жетістіктер мен өзекті мәселелерді атап көрсетті.

«Біз жаңа зертханалық әдістердің арқасында туберкулездің алғашқы белгілерін, оның тіпті төзімді түрлерінің өзін молекулярлық-генетикалық әдістермен алдын ала анықтауға қол жеткіздік! Бүгінде бұл әдіс облыс орталықтарында да қолданылып жатыр. Енді осындай әдістерді шалғай аудандарға да жеткізу, халықтың қол жетімділігін барынша арттыру мәселесін алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Осыған қатысты ұсыныстарды Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасының баптарына енгіздік. Қазір қаржыландыру мәселесін шешіп жатырмыз», - деді Т. Әбілдаев.

Шара барысында Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының Швейцариялық «Otsuka» компаниясымен бірге қолға алған, туберкулез ауруының алдын алуға бағытталған жаңа халықаралық «FighTBack» («Туберкулезбен күрес!») жобасы таныстырылды. Жоба аясында туберкулез мәселелерін ашық, жан-жақты көтеретін «FighTBack» («Туберкулезбен күрес!») журналының тұсауы кесілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл басылымда медициналық бағыттан бөлек, науқастардың тағдыры, күрес жолы, жетістігі, дәрігерлердің пікірі және ең бастысы - туберкулезбен күресте әр түрлі елдің тәжірибелері қамтылады.

«Бұл журнал туберкулезді жеңу, оның деңгейін төмендету, осы жолда жасалып жатқан жұмыстардың нәтижелерін халыққа жеткізу мақсатында құрылған. Бұған дейін елімізде ғылыми журналдардан басқа, туберкулезге қатысты көпшілікке арналған басылым болған емес. Бұл алғашқы журнал» - деді Т. Әбілдаев.

Айта кетелік, журнал әзірге ТМД елдерінде тек орыс тілінде 30 мың данамен жарық көретін болады. Ол жоғары оқу орындары, емдеу орталықтары, диспансерлерлерде және басқа да ұйымдарда жылына бір рет тегін таратылады.

Ертең Конференция аясында бизнес құрылымдармен кең көлемді дөңгелек үстел өтеді.