Қазақстанда туберкулезден болатын өлім-жітім бес есе азайды

Фото: freepik

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстанда кейінгі 10 жылда туберкулезден болатын өлім-жітім бес есе төмендеді. Бұл туралы «Туберкулез» компоненті бойынша Жаһандық қор грантын іске асыру тобының менеджері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Шахимұрат Исмайылов айтты. 

2014 жылғы 100 мың тұрғынға шаққанда 4,9 жағдайдан 2025 жылы 0,9 жағдайға дейін азайған. Осы кезеңде аурудың таралуы 2,5 есе қысқарып, 100 мың тұрғынға шаққанда 105,9-дан 38,9-ға дейін төмендеді.

Шахимұрат Исмайыловтың сөзінше, бұл Ұлттық туберкулезге қарсы бағдарламаны жүйелі түрде жүзеге асырып, молекулалық-генетикалық диагностика әдістерін енгізіп, туберкулезге қарсы тиімділігі жоғары жаңа препараттарды қолданып, профилактиканы күшейткеннің арқасында мүмкін болған.

Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

— Қазақстанда туберкулезді анықтаудың жедел молекулалық-генетикалық әдісін енгізіп жатыр, тиімділігі жоғары жаңа препараттар қолданылып, профилактика жағы да жетілді. Бұл бізге END TB стратегиясының мақсатына сенімді түрде ілгерілеуге мүмкіндік береді, — деді Шахимұрат Исмайылов Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ол туберкулезбен күреске салынған инвестициялар медицинаға ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді шешім екенін айтты.

— Туберкулезбен күреске салынған әр доллар медицина саласы үшін 43 АҚШ доллары көлемінде экономикалық пайда әкеледі. Ұлттық бағдарламаны тұрақты қаржыландыру денсаулық сақтау жүйесін тұтастай нығайтуға ықпал етеді, — деді ол.

Туберкулезге қарсы іс-шараларды негізінен мемлекет қаржыландырады. Бұл шамамен 96-97%-дай болады. Жаһандық қор жобаларының үлесі — 3-4%.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда туберкулезбен ауырғандар саны азайғанын хабарлаған едік.