Қазақстанда түлектерді кешенді тестілеу аяқталды, төменгі межені тапсырушылардың 35 пайызы ғана еңсере алды

АСТАНА. 24 шілде. ҚазАқпарат - Кешенді тестілеу 19-22 шілде аралығында 37 базалық жоғары оқу орнында өтті, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ведомствоның атап өтуінше, оған  65 000 адам қатысты. Олар: өткен жылғы мектеп бітірушілер (9 мыңға жуығы), сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітіріп, оқуын жоғарғы оқу орындарында жалғастыруға ниет білдіргендер (56 мыңға жуық). 

Өткен жылмен салыстырғанда, кешенді тестілеуге қатысушылар саны 2,5 есеге ұлғайған (2011 жылы 27 193 түлек).

Биылғы жылы министрлік ТжКБ ұйымдары түлектеріне арнайы 2700 грант бөлді. Кешенді тестілеу нәтижелері бойынша шектік балды (50 балл) 21 500 түлек жинады, бұл барлық қатысушылардың 35 пайызы болып табылады. Орта балл 42,6 пайызды құрады «43,4 пайызы - қазақ бөліміне, 41,3 пайызы - орыс бөліміне тапсырғандар», - делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен қатар ағымдағы жылы 8 түлек 100 балл жинады. Ал 5 мыңнан астам адам ұлттық университеттер үшін белгіленген межені - 70-тен жоғары балл жинады.