Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС-ның Маркетинг және даму департаментінің директоры Арнұр Нұртаев мәлім етті.
«СҚ Фармация компаниясы 2010-2011 жылдарғы маусымдарға тұмауға қарсы жоғары әсерлі - Ваксигрип вакцинасын сатып алды. Вакцинаны еуропалық ірі өндіруші Санофи Пастер компаниясы шығарды. Ол ыңғайлы және заманауи формада, яғни 0,5 мл көлемдегі шприцтарға алдын ала құйылған», - деді А.Нұртаев.
Оның сөзіне қарағанда, тұмауға қарсы иммунитет өмір бойға қалыптаспайтындықтан індетке қарсы егу жыл сайын, нақтылап айтқанда эпидемия болуы мүмкін желтоқсан-ақпан айларында жүргізіледі.
«Онымен бірге, вакциналар республикаға қазанның 15-20-сы күндері жеткізіледі. Бұл егу науқанын уақытылы бастауға мүмкіндік береді», - деді ол.
Сондай-ақ А.Нұртаев атап көрсеткендей, вакцинаны сатып алуға ашық тендер ағымдағы жылғы маусым айында өткізілді. Бұл вакцинаның бір дозасын 643 теңгеге сатып алуға мүмкіндік берген. Себебі, бөлшек саудадағы оның қазіргі бағасы 1600 теңге тұрады. Яғни, бюджет қаражаты 350 миллион теңгеге үнемделген.
«Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС дәрі-дәрмектерді кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде сатып алды. Барлығы 370 мың дозаға жуық вакцина алынды.