Аталмыш экспозицияға елiмiздiң зергерлiк өнерiнiң 11 шеберi өз бұйымдарын қойған. Олардың барлығы да "Amina jewels" брендiнiң балалар коллекциясын жасауға бiр кiсiдей атсалысты. Соның негiзiнде Қазақстанда тұңғыш рет балаларға арналған зергерлiк әшекей бұйымдары шығарыла бастады. Көрмеде барлығы 600-ден астам ұлттық нақыштағы жәдiгер: әйелдерге, ерлерге және балаларға арналған бағалы тастармен көмкерiлген күмiс әшекейлер, ортағасырлық қару-жарақтар, қайыс белбеулер, қапсырмалар, көне тұрмыс заттары ұсынылып отыр. Авторлардың әрбiр жұмысы ерекше, өзiндiк стилi бар, қайталанбас мәнерде орындалған.
"Бүгiн "Amina jewels" компаниясы бiрiншi рет елiмiздiң атақты және зергерлiк өнерiн жаңа тани бастаған зергерлердiң авторлық жұмыстарын бiрiктiрiп отыр. Шеберлер балалар мен жасөспiрiмдерге арналған бұйымдарды қазақ зергерлiк өнерiнiң бар қадір-қасиетiн қолдана отырып жасады. Бұл әшекейлер декор элементтерi ғана емес, сондай-ақ жас ұрпаққа көшпендiлердiң тұрмыс-тiршiлiгiн әңгiмелейдi. Ата-бабаларымыздан бiзге құпия белгiлер қалған: шиыршықтар, иректер және өрнектер. Аңыздардың бiреуi бойынша бұл символдардың жиынтығы бәле-жаладан сақтап, адамға қорған болады. Бұл белгiлер балалардың бұйымдарында жиi кездеседi", - дейдi жоба авторы Әмина Шоқпарова.