Қазақстанда тұңғыш рет «ҚР мемлекеттік хаттамасы» атты кітап басылып шықты

None
АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы Қазақ Гуманитарлық-Заң университетінде ҚР Президенті Хаттамасының бұрынғы бастығы,

«Болашақ» стипендиаттары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбектің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы» атты кітабының таныстырылымы болды.

Бұл туынды халықаралық қатынастар және заң факультетінің студенттері үшін таптырмас оқулық болары сөзсіз. Себебі, автор Б. Байбектің айтуынша, бұл кітап мемлекеттік хаттама арқылы елдің тарихи жолын сараптау, тәуелсіздік кезеңін талдаудың алғашқы жүйелі тәжірибесі болып табылады. Сонымен қатар кітапта теориялық материалдар, халықаралық елдердің тәжірибесі, келіссөздер үдерісі, нормативтік-құқықтық база, мемлекеттік хаттама бойынша регламенттелетін жайттар, іскерлік қатынастар және әдеп жөнінде кең ауқымды ақпарат жинақталған.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік хаттамасы» атты кітап арқылы еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолын талдауға, мемлекеттік хаттама туралы, дипломатиялық хаттама мен әдеп жөнінде толыққанды теориялық материал беруге талпыныс жасадық», дейді ол.

«ҚР Президенті Хаттамасын төрт жыл басқардым. Барлық тәжірибемді осы шығармаға түсіруге тырыстым. Сондықтан аталған кітап Қазақстандағы хаттама тәжірибесін толық көрсетеді», деп атап көрсетті Б. Байбек.

Автордың атап көрсеткеніндей, «мемлекеттік хаттама елдің ең басты атрибуттарының бірі. Үлкен шаралардың жоғары деңгейде өткізілуі тәуелсіз республикамыздың және оның хаттама ісінің кемелденгенін көрсетеді». Соңғы 5 жылдың өзінде Қазақстан Президенті 90 рет шет елдерге сапарға шығып, 80 рет ел аймақтарын аралаған. Елімізге шетелдік мемлекеттердің 50 басшысы келген.

Мемлекеттік хаттама - мемлекеттің басқа елдермен қарым-қатынасындағы нормалар мен заңдарды қамтиды. Қазақстан Республикасының хаттамасы барлық халықаралық стандарттарға сай келетін әмбебап құжат болып табылады.