Оған мұрағат ісінің ардагерлері, республикадағы мемлекеттік мұрағаттардың басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Тұсаукесер рәсімі аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде ҚР Президенті Мұрағатының директоры Борис Жапаров мұндай жинақтың тұңғыш рет жарық көріп отырғандығын айтты. «Мұрағатшылар әдетте ғылым, мәдениет, өнер, өнеркәсіп, БАҚ және басқа да салалардағы мамандық өкілдері туралы кітаптар дайындауға көмектеседі. Енді мінеки, алғаш рет өздері жайында: Қазақстандағы мемлекеттік мұрағаттардың өкілдері, мұрағатшы-әріптестер туралы жинақты жариялап отыр. Онда Қазақстан мұрағатшыларының мақалалары, өмірбаяндары, естеліктері, сұхбаттары ұсынылған. Жинақтан мемлекеттің белгілі бір саяси тарихи кезеңдерінің мұрағатшылардың өмірі мен қызметіне қаншалықты әсер еткендігін көруге болады», - деді ол.
Сонымен қатар, Борис Әлікенұлы жинақтың бұдан әрі жалғастырылатындығын, бұл үшін әлі де көптеген белгілі мұрағатшылар туралы материалдар жинастыру қажеттігін жеткізді. Өйткені, уақыт өте келе бұл мәліметтер мұрағат саласын зерттеуде құнды деректерге айналатын болады.
Өз кезегінде ҚР Президенті Мұрағаты директорының орынбасары Вячеслав Чупров сонау 1998 жылы 22 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры мен архивтер туралы» Заңын әзірлеуде қандай қажырлы жұмыстар атқарылғанын айтты.
«Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, елде мұрағат құжаттарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заң қажет болды. Осы мақсатпен, 1992 жылдың мамырында ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Бас Мұрағат басқармасының алқасында мұрағаттық заңның жобасын жасау туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, алдыңғы қатарлы мамандардан жұмыс тобы құрылып, оған жобаны дайындау жүктелді. Мен осы жұмыс тобына басшылық еттім. Көп ұсыныстар, талқылаулар болды, шет елдердің тәжірибелері зерттелді. Сөйтіп, 1998 жылы 22 желтоқсанда заң қабылданды», - деді В. Чупров.
Айта кетелік, құрастырушылар бұл басылымда бірінші кезекте Қазақстандағы мұрағат саласының пайда болған кезі өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап, 90-шы жылдарға дейінгі басшылары жайында жан-жақты хабардар етуге тырысқан.