Қазақстанда тұрақтандыру қорларын қалыптастыруда 16 ӘКК-нің 13-і шығынға ұшырады

АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Тұрақтандыру қорларын құруды жүзеге асыратын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) шығынға ұшырауда. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев айтты.

«Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорларын қалыптастыру бойынша 16 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның 13-і шығынға ұшыраған», - деді Қ. Өскенбаев баяндамасында.

Оның айтуынша, бұл әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар шығындарды белгіленген баға мен нарық бағасының арасында болатын айырмашылығынан түскен пайдадан және банкте орналастырған депозиттен түскен ақшадан өтейтініне байланысты.

«Нарық бағасы ылғи өзгеріп тұрғандықтан, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тауарды нарық бағасы белгіленген бағадан төмен болып тұрған кезде және алған бағасынан төмен сататын кездері жиі кездеседі», - деді ол.

Сонымен қатар, тауарларды сақтау және тасымалдау кезіндегі шығындар тағы бар. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының қажетті сапалы инфрақұрылымдары, сақтау орындары, арнайы автокөліктері мен сауда орындары жоқ. Сөйтіп, жүзеге асу механизмі жағынан және нарықтағы бағаны талдау қиындығынан біраз проблемалар туындайды.

«ӘКК-лер нарықтық бағаның төмендеуіне, азық-түліктердің бүлінуіне, қосымша құн салығын және тағы басқа шығындарды төлеуге байланысты туындайтын шығындарды көбінесе өздері жабады», - деп қорытындылады Қ.Өскенбаев.