Қазақстанда «Тұрақты ауылшаруашылықтарын құру» бағдарламасы іске қосылды
15:23, 02 Маусым 2009
АЛМАТЫ. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/- Бүгін Алматыда «JTI Gallaher» компаниясы Вашингтонның мемлекеттік университетімен бірігіп «Қазақстанда тұрақты ауылшаруашылықтарын құру» бағдарламасы бойынша ынтымақтастығының басталғанын жариялады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстанда ауыл шаруашылығын енгізу шарты АҚШ-тың Вашингтон штатының аудандарына өте ұқсас. Бұл бізге аймақтардағы тамақ өнімдеріне қажеттілікке қатысты өсіп отырған өзекті мәселені бір мезгілде шеше отырып, Қазақстанда егін егу жүйесін дамыту үшін бірлесіп зерттеулер жүргізуге теңдесі жоқ мүмкіндік береді», дейді Вашингтон мемлекеттік университетінің (ВМУ) Халықаралық бағдарламасының директоры Крис Панкку. 2009-2010 жылдарға арналған бұл бағдарламаның басты мақсаты - тамақ өнімдерінің өндірісін және өндіріс қаражаттарын ұлғайту арқылы тұрақты ауылшаруашылығын дамыту. Вашингтон мемлекеттік университетінің алдын ала зерттеулерінің қорытындысына қарағанда, Қазақстандағы ірі фермалардың 50 пайызы бөлінген субсидиялар мен өзге де көмектерге қарамастан шығынды болып табылады. Алайда шаруашылығы шағын фермалар субсидиясыз болса да өнімділігі мен кірісі жоғары. Олардың басты проблемалары - өндіріске қажетті қаржының жоқтығы мен ескірген технологияларды пайдалану болып табылады. Ілкі жобалар жақын мерзімде Алматы, Жамбыл облыстарында іске қосылды. Бұл республиканың өзге облыстарында тұрақты ауылшаруашылығының ұзақ мерзімдік бағдарламасының алдыңғы кезеңдерінің нәтижелері бойынша 2010 жылдан бастап іске қосылмақшы. Жаңа технологияларды енгізу жұмыстары 181 гектар жерде жүргізілуде. Онда жаздық бидайды өндірудің, жылыжайдың жаңа әдісін меңгеру, тұқымдар мен көшеттерді жеткізу, ағаш отырғызу өндірісі және тағы басқа жобалар жүріп жатыр. Бағдарламаға 10 фермерлік шаруашылық, 6 қосымша шаруашылық және мектептер мен саябақтар қатысуда.ВМУ бүгінгі таңда әлемнің 12 елінде ауыл шаруашылығының мүмкіндіктерін дамыту және оқып зерделеу жобаларымен шұғылданады. Онда егіншілік саласындағы 4 мыңнан аса бірлестік жұмылдырылған. Ал «JT International» темекі өнімдерін өндірумен айналысатын «Japan Tobacco Inc.» компаниясының құрылымына кіреді. Оның кеңсесі Швейцарияның Женева қаласында орналасқан. 22 мың қызметкері бар бұл компанияның 60 шақты елде өз өкілдіктері бар. Оның өнімдері әлемнің 120 еліне таратылады.