Қазақстанда тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру енгізілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және орман өртінен міндетті сақтандыруды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр, деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Фото: Gov.kz

Бұл бастама Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасында қарастырылған. Құжат 30 қазанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк басқармаларының бірлескен қаулысымен бекітілді.

Бағдарлама Мемлекет басшысының 2026 жылғы 10 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.

Жаңа құжатта сақтандырудың 8 міндетті сыныбы мен 10 жүктелген түрі үшін бірыңғай реттеу режимін қалыптастыру көзделген.

Тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесі алдымен дайындық кезеңінен өтіп, кейін 3 облыста пилоттық режимде іске қосылады. Одан соң апат қаупі жоғары 16 облысқа кеңейтіледі.

Жүйе табиғи апат салдарынан баспанасы бүлінген немесе қираған азаматтарға қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған.

– Бағдарламаның басты міндеті – сақтандыруды азаматтар мен кәсіпкерлерді қорғаудың нақты және қолжетімді құралына айналдыру. Сақтандыру отбасына күтпеген шығындарды еңсеруге, тұрғын үй мен жинақтарды сақтауға және бизнеске үлкен тәуекелдер туындаған кезде де жұмысын жалғастыруға көмектесуі керек. Ол үшін Бағдарлама сақтандыру қызметтерінің сапасын арттыруды, өнімдерді таңдауды кеңейтуді, төлемдерді алуды жеңілдетуді және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуді көздейді, – делінген агенттік ақпаратында.

Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес жылда еліміздегі сақтандыру ұйымдарының активтері екі еседен астам өсіп, 1,8 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге жеткен.

Осы кезеңде сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 815 млрд теңгеден 1,9 трлн теңгеге, ал сақтандыру төлемдері 127 млрд теңгеден 461 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Дегенмен сақтандырушылар активтерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 2,7% деңгейінде қалып отыр.

Жалпы бағдарлама 6 стратегиялық бағыт бойынша 18 бастаманы қамтиды.

Олардың қатарында ерікті медициналық сақтандыруды дамыту, зейнеткерлік аннуитеттердің жаңа түрлерін енгізу, сақтандыру қызметтерін цифрландыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бар.

Атап айтқанда, азаматтарға ерікті сақтандыру шарттарын электрондық түрде рәсімдеу және сақтандыру жағдайларын онлайн реттеу мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланған.

Сонымен қатар сақтандыру маркетплейстерін дамыту, делдалдардың қызметін реттеу және сақтандыру алаяқтығына қарсы күресті күшейту көзделіп отыр.

Шағын және орта бизнес үшін күтпеген шығындар мен қызметтің тоқтап қалуына байланысты тәуекелдерді сақтандырудың жаңа шешімдері әзірленбек.

Бағдарлама аясында исламдық сақтандыру өнімдерін, оның ішінде такафул жүйесін дамыту да қарастырылған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 18 стратегиялық бастаманың 12-сін «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобасы арқылы іске асыру көзделген. Құжатты жыл соңына дейін Құрылтайдың қарауына енгізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандырудың алғашқы шарттары жарияланған болатын. Ұсынылған тетік бойынша сақтандырудың жылдық жарнасы баспана орналасқан өңірдегі табиғи апат қаупіне қарай белгіленуі мүмкін.