21:35, 23 Сәуір 2009
Қазақстанда тұрғын үй құрылысының қарқыны бұрынғы қалпына келе бастады
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Нарымбек Исмағұлов/ - Республикадағы тұрғын үй құрылысының осы жылдың бірінші тоқсанындағы екпіні өткен 2008 жылдың сәйкес кезеңімен деңгейлес болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мемлекеттің осы жылдың бірінші тоқсанындағы тұрғын үй қоры нысандарының құрылысы саласындағы іс-қимылының нәтижесінде, жалғасып жатқан әлемдік дағдарысқа қарамастан, жыл басынан бері жалпы көлемі 1,4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2008 жылдың бірінші тоқсаны көрсеткішінің 92,6 пайызын құрайды.
Үкіметтің мәліметі бойынша, республикада тұрғын үйді пайдалануға берудің ең көп үлесін Астана иемденеді (36,1 %), одан кейін Алматы (16,8 %) және Алматы облысы (10,1 %). Сондай-ақ бұл көрсеткіш Қызылорда (1,40 есе) және Солтүстік Қазақстан (1,3 есе) облыстарында да өсе түскен. Республика бойынша осы жылдың бірінші тоқсанында барлығы 7 293 пәтер мен 4 430 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді.Үкімет үлескерлердің мәселесін шешуге ерекше мән беріп отыр. Бұл жөнінде сәуірдің 10-ында ҚР Үкіметі жанындағы Дағдарысқа қарсы кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «Лайықты тұрғын үй үшін» науқаны ауқымында келіп түскен өтініштерге қатысты 300 үлескердің мәселесін басымдық тұрғысында шешуді тапсырды. Бұдан басқа, құрылысты қайта бастамаған құрылыс салушыларға қатысты талап күшейе түсті, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мұндай компаниялардан мемлекеттен бөлінген көмек қаржыны қайтарып алып жатыр.Бұдан бұрын, сәуірдің 8-інде өткен Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Индустрия және сауда министрі В.Школьник үлескерлер құрылысын қолдау үшін республикалық бюджеттен және Үкіметтің резервтік қорынан 23,5 млрд. теңге бөлінгендігін айтқан болатын.Үлескерлер құрылысын қолдау жөніндегі Үкіметтің белсенді әрекеті қабылданған сәтке дейін (2007 жылғы қыркүйек), республикада 62 000 үлескердің қатысуымен 450 тұрғын үй құрылысы салынып жатқандығын ескеру қажет. Бүгінгі күні соның 23,4 мың үлескер қатысқан 176 құрылыс нысаны аяқталды, соның ішінде қаңтар-наурыз аралығында 1 732 үлескері бар 13 нысан пайдалануға берілді.Бүгін Тәуелсіздік Сарайында өткен мәжілісте Президент Н.Назарбаев Үкіметке және елорда әкімшілігіне Астана қаласын дамыту мәселесі бойынша үлескерлер құрылысы нысандарының әрқайсысы бойынша жағдайды тәртіпке салу және оларды аяқтау жөнінде нақты ұсыныстар енгізу туралы айтқан тапсырмасы үміт отын ұялатады.Тұрғын үй құрылысы жөніндегі бағдарламаға Үкімет жүргізген талдау осы саладағы дағдарысқа қарсы шаралардың оң нәтижеге ие болып отырғандығын көрсетеді. ҚР Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында белгіленген әлеуметтік бағыттағы ұстанымдар, мемлекеттің басымдық берілген іс-қимылы болып табылады және ол нақты іске асырылуда.