Қазақстанда туризм мамандығын оқыту форматы өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм мамандығына түскен студенттер бакалавр дәрежесін 3 жылдың ішінде алып шығады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.
- Кадр даярлау бойынша халықаралық туризм және меймандостық университеті Қазақстанда алғашқылардың бірі болып триместрлік оқу жүйесін енгізді. Бұл формат студенттерге бакалавр дәрежесін 3 жыл ішінде алады, яғни оқу мерзімін тиімді қысқартуға мүмкіндік береді. Оқу үдерісінде дуалды оқыту моделі табысты іске асырылып жатыр. Бұл дегеніміз оқу процесінің 60%ы – өндірістегі тәжірибеден, 40%-ы университетте теориялық білімнен тұрады, - деді Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ министр университетте бизнес-процестерді цифрландыру жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтып отыр. Соның бір көрінісі – мультимедиалық студияның ашылуы.
- Оқу үдерісі ақпараттық жүйеде толық цифрландырылды. Студентті тіркеуден бастап, бағалау мен үлгерімді бақылауға дейінгі барлық қызмет біріктірілген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде былтыр университетті бітірген 460 студенттің 92,8%-ы (428 түлек) өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрды, - дейді ведомство басшысы.
Бұған дейін елімізде гид мамандарын даярлауы мүмкін екендігі туралы хабарлаған едік.
Одан бөлек, Туризм және спорт министрі елімізге келіп алданып қалатын шетелдік туристер мәселесін шешу жолдарын атады.
Айта кетейік, елімізде туристерге арналған, жасанды интеллектіге негізделген TravelStan мобильді қосымша әзірленеді.