Қазақстанда туризмді насихаттайтын жаңа телеарна ашылады

АЛМАТЫ. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда жақын арада белсенді өмір салты мен халықтың демалысына, салауатты өмір салтын насихаттауға, жергілікті туризмді дәріптеуге, дәстүрлі емес спортқа, сондай-ақ, халықтың табиғатқа қатысты мәдениет деңгейін көтеруге арналған алғашқы телеарна ашылады.

«Тұран» деп аталатын бұл арна эфирінің 80 пайызын өзі шығарған хабарлармен, ал 20 пайызын деректі және көркем фильмдер құрамақ.

«Телеарнаның контенті аңшылық, балық аулау, қару және автокөлік секілді ерлердің нағыз ермегіне бей-жай қарамайтындар үшін қызықты болмақ. Сонымен бірге, қайырымдылық, ілтипаттық, жануарларға деген сүйіспеншілік, қоршаған ортаның қалай өмір сүретінін түсіну секілді біздің әрқайсымыздың бойымыздағы үздік сапаларды ашып көрсетеді», - дейді «Тұран-ТВ» телеарнасының бас директоры Роман Ботабеков.

Оның айтуынша, көрермендер аудиториясын барынша толық қамту үшін қазақстандық кабельдік операторлар желісінде, сондай-ақ интернет желісінде хабарларды қатар тарату жоспарлап отыр. Бұл әрбір қазақстандыққа өзіне ыңғайлы уақытта, әлемнің кез келген нүктесінде олардың телевизиялық өнімін тамашалауға мүмкіндік береді.