Қазақстанда туризмге тартылған инвестициялар 1,2 трлн теңгеден асты

АСТАНА. KAZINFORM — Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда туризм саласының негізгі көрсеткіштерінің өсуі байқалды. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының м. а. Нұрбол Байжанов мәлім етті.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Оның мәліметінше, қонақ үйлерге орналастырылған ішкі туристер саны 8,6 млн адамды құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 700 мың адамға артқан. Қонақ үй қызметтерін пайдаланған шетелдік туристер саны 1,4 млн адамға жетіп, 130 мың адамға көбейген.

— Жалпы, әртүрлі туристік мақсаттармен елімізге 15,7 млн шетелдік азамат келді. Бұл көрсеткішке жұмыс істеуге немесе тұрақты тұруға келген азаматтар кірмейді. Олардың ішінде 11,1 млн адам шетелдік туристер ретінде жіктеледі. Орналастыру орындарының жиынтық табысы 350 млрд теңгеден асады, өсім — 50 млрд теңгеден астам. Орналастыру орындарының саны 4 482 бірлікке жетті, — деді спикер баспасөз конференциясы барысында.

Сонымен қатар, 2025 жылы туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-дан артық болған, жалпы сомасы 1,256 трлн теңгені құрады.

Қазақстан туризмді қолдауды күшейтеді жаңа заң сала мен туристер үшін нені өзгертетінін мына сілтемеден оқыңыз.