Қазақстанда туризмнен түскен салық түсімдері 303 млрд теңгеге жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда туризм саласынан түсетін салық түсімдері 303 млрд теңгеге жетті. Ал шетелдік туристер ел аумағында 1,4 млрд АҚШ долларын жұмсаған. Бұл туралы ҚР Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Министрдің айтуынша, соңғы кезеңде туризм саласының негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика қалыптасқан. Сала ел экономикасындағы үлесін арттырып, жұмыспен қамту мен инвестиция тартудың маңызды бағыттарының біріне айналып келеді.

– 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында орналастыру орындарында 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға көп. Ал көрсетілген қызмет көлемі 15 пайызға өсіп, 173,7 млрд теңгені құрады, – деді Ербол Мырзабосынов.

Оның дерегінше, бүгінде туризм саласында 565 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл еліміздегі жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 6 пайызына тең.

Сала бюджет кірісіне де елеулі үлес қосып отыр. Атап айтқанда, туристік қызметтен түскен салық түсімдерінің көлемі 303 млрд теңгеге жеткен. Бұл жалпы салық түсімдерінің 2,1 пайызын құрайды.

Бұдан бөлек, шетелдік туристердің Қазақстанда жұмсаған қаражаты 1,4 млрд АҚШ долларына жеткен. Министр бұл көрсеткіш елімізге келетін туристердің ұлттық экономикаға қосатын үлесі артып келе жатқанын аңғартатынын атап өтті.

Туризм саласына инвестиция тарту бағытында да өсім байқалады. Биылғы тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 319 млрд теңгені құраған. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 68 пайызға жоғары.

Министрдің сөзінше, алдағы кезеңдегі негізгі міндет – Қазақстанның туристік әлеуетін толық пайдаланып, саланың экономикалық тиімділігін арттыру және елді халықаралық туристік бағыт ретінде дамыту.

Айта кетейік, Ішкі туризм 84,4% өсті.