Қазақстанда Тұтынушылар құқығын қорғау омбудсмені институты енгізіледі
«2020 жылы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға енгізілген түзетулер үкіметтік емес ұйымдар мен бизнесті тарта отырып, осы салада біртұтас жүйе құруға ықпал етті.
Алайда, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажет.
Осыған байланысты, тұтынушылардың құқықтарын қорғау сапасын арттыру мақсатында қолданыстағы заңдарға жаңа түзетулер әзірленді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылады.
Ол проблемалар мен шағымдарды реттеудің негізгі үйлестірушісі болуы тиіс. Заң қабылданған соң бұл жұмысты жедел жүргізу керек», - деід Үкімет басшысы Әлихан Смайылов..
Оның пайымынша, тұтынушылардан түсетін шағымдарды қарау алгоритмін барынша жеңілдету қажет.
«Тұтынушы – қоғамдық бірлестік – мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді схемасын құру маңызды.
Сапасына кепілдік берілген өнімдерді өндіру мен сатуға, адал жарнама мен маркетингке негізделген саясат жүргізу қажет. Сауда министрлігі заң жобаларын белгіленген мерзімде Парламент Мәжілісіне енгізіп, олардың сапалы өтуін қамтамасыз етуі қажет», - деді Премьер-министр.