Заң жобасының негізгі мақсаты тұтынушылар құқығын қорғау саласын реттеу қағидаттарын айқындау, тұтынушылар құқығын қорғауға бағытталған жаңа тетіктерді енгізу мен қолданыстағы механизмдерді жетілдіру болып табылады.
«Заң жобасымен тұтынушылардың тауардың кемшілігіне қатысты талаптар қою мерзімі белгіленеді. Тауардың кемшіліктерін жою, тиісті сапасы жоқ тауарларды ауыстыру мерзімдері нақтыланады. Бұдан бөлек, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жағдайлары нақтыланады, оның ішінде орындаушының қасақана жасырған кемшіліктерін анықтау мақсатында талаптар қою, шағымдар жасау мерзімі ұлғайтылады», - деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, заң жобасымен тұтынушылар қоғамдық бірлестіктерінің өкілеттігін нығайту шаралары қарастырылып отыр. Бұл ретте тиісті мемлекеттік органдарға қауіпсіздік пен сапа талаптарына сәйкеспейтін тауарларды шығарып, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді жүзеге асырған кінәлі тұлғаларға қатысты шаралар қолдану туралы ақпараттар жолданатын болады. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне тұтынушылар мүдделері үшін талап-арыздар беру құқығын жүктеу де ұсынылып отыр.
«Бұдан бөлек, тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік органдардың рөлін күшейту қаралып отыр. Тұтынушылардың шағымдарына жартыжылдық, жылдық талдаулар жүргізілетін болады. Соған орай Үкіметке, одан әрі ҚР Президентіне жолданатын Қазақстандағы тұтынушылар құқығы қорғалуына байланысты жылдық есеп әзірленетін болады», - деді Е. Досаев.