Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарының қорғалу деңгейі анықталды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тәуелсіз әлеуметтік зерттеу аясында тұтынушылық құқықтың қорғалу деңгейін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда әрбір азамат тауарды сатып алу немесе қызмет алу кезінде қиындықтарға тап болады. Сондықтан тұтынушылардың құқықтарын қорғау мемлекет пен қоғамның маңызды міндетіне айналды. 2020 жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тәуелсіз әлеуметтік зерттеу аясында тұтынушылық құқықтың қорғалу деңгейін анықтады», - делінген аталған комитет баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, тәуелсіз зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 17 000 адам қатысты. Сауалнамаға сәйкес тұтынушылар үшін ең проблемалы салалар - медициналық, көліктік, білім беру қызметтері, байланыс болды. Респонденттердің 29 пайызы өз құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік органдарға, тағы 29 пайызы заңгерлерге жүгінуге дайын. Сұралғандардың 24 пайызы құқықтарын өз бетінше қорғайды. Ал 9 пайыз тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне және сотқа дейінгі реттеудің басқа субъектілеріне жүгінуді қалайды.

Зерттеу қорытындысы бойынша комитет мемлекеттік органдарға тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың барлық бағыттарында түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша ұсынымдар әзірлеген.

«Комитеттің стратегиялық міндеті – азаматтық қоғамды тұтынушылардың құқықтарын қорғау процесіне неғұрлым белсенді тартуды қамтамасыз ету. Бұл кәсіпкерлерді тауарлардың сапасын және бизнесті жүргізу мәдениетінің деңгейін арттыруға ынталандыратын болады әрі 2025 жылға қарай тұтынушылардың өз құқықтарын қорғаумен қанағаттануын 67 пайыздан 80 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтеді ведомстводан.