Қазақстанда тұтынушылармен жасалатын шарттарда оқуға ыңғайлы қаріптерді жазу міндеттелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын бұзатын шарттардың талаптары анықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құқықтық кепілдікті күшейту үшін тұтынушыларға қатысты шарттарға енгізуге болмайтын талаптар айқындалды. Оның ішінде тұтынушы бас тартқан жағдайда қызметтер мен тауар құнының 30 проценттен астамын ұстап қалу, қызмет пен тауар құнын біржақты тәртіпте арттыру мәселелері ескерілген. Бұл әсіресе тасымалдау саласында өзекті болып отыр.

Сонымен қатар министр тұтынушымен арадағы шарт мәтінінің мазмұнына, оны рәсімдеуге қатысты жаңа талаптар бекітілгенін жеткізді. Бұл тұрғыда оқуға ыңғайлы қаріптерді жазу, ережені нақты қисынға келтіру талабы қамтылды.

Бұдан бөлек, тауарларды сату, қайтару және ауыстыруға қосымша талаптар енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде қазақстандық тұтынушылар көп шағымданатын салалар белгілі болды.

2016 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар тұтынушылардан түскен 23 мыңнан астам өтінішті қарады.

«Олардың ішінде Ұлттық банкке 56 пайызы, Ұлттық экономика министрлігіне 19 пайызы, Денсаулық сақтау министрлігіне 11 пайызы, Қаржы және Энергетика министрліктеріне 3 пайыздан тиесілі»,-деп тоқталды министр.