Қазақстанда түзілетін 4,5 млн тонна қалдықтың төрттен бірі ғана өңделеді

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдары елімізде қоқысты сұрыптау кешендерін салу және полигондарды жаңғырту мәселесі жиі көтеріліп келеді. Осыған байланысты журналистер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында 2024–2025 жылдары нақты қандай нысандар пайдалануға берілгенін, бұл заманауи тұрмыстық қатты қалдықтармен (ТҚҚ) жұмыс істеу инфрақұрылымымен халықты қамту деңгейіне қалай әсер еткенін және алдағы екі жылға қандай жоспар барын сұрады.

Фото: Астана қаласының әікмдігі

Бұл сұраққа ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов жауап берді.

— Жалпы коммуналдық қалдықтарды басқару күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Статистикаға сүйенсек, республика бойынша жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық түзіледі. Қазіргі таңда оның шамамен 25 пайызы ғана қайта өңделіп отыр. Ал бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында 40 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың күшімен осындай жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр, — деді ол.

Департамент басшысының айтуынша, 2024 жылы Атырау қаласында жылына 150 мың тонна қалдықты сұрыптауға қауқарлы қоқыс сұрыптау желісі пайдалануға берілген. Сондай-ақ биыл жеңілдетілген қаржыландыру тетігі аясында Қостанай облысында да жаңа нысан іске қосылды.

— Атап айтқанда, Рудный-Абат ЖШС қалдықтарды өңдеуге арналған қуаты жылына 70 мың тонна болатын, ал тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау қуаты 50 мың тоннаға жететін кешен пайдалануға берілді, — деді спикер.

Оның мәліметінше, бүгінде осы тетік аясында жалпы саны 63 жоба мақұлданған. Олардың жиынтық сұрыптау қуаты шамамен 2 мың тоннаға, ал қайта өңдеу қуаты 1 млн тоннаға жуықтайды.

— Мұндай ірі жобаларды іске асыру белгілі бір уақытты талап етеді. Оған алдын ала зерттеу жүргізу, жобалау, мемлекеттік экологиялық сараптамадан өту, құрылыс-монтаж жұмыстары, кейін толыққанды пайдалануға беру кезеңдері кіреді. Бұл үдерістер алдағы 2–3 жылды қамтиды. Аталған жобалар кезең-кезеңімен іске қосылған сайын, біз өзімізге алған міндеттемелерге біртіндеп қол жеткіземіз деп ойлаймын, — деп түйіндеді ведомство өкілі.

Бұған дейін үш қалада қайта өңдеуге жатпайтын қалдықтарды кәдеге жарату зауыты салынатынын жазғанбыз.