Қазақстанда Үкімет қабылдайтын шешімдерді ғылыми тұрғыдан зерттеу ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел тағдырына қатысты Үкімет қабылдайтын мемлекеттік маңызды шешімдерді ғылыми тұрғыдан зерттеу ұсынылды. Одан бөлек, заң қабылдау керектігі де айтылды. Аталған бастаманы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар оқиғасы мемлекеттік басқару жүйесін қайта қарап, жетілдіру керектігін көрсетті. Бұл ретте мемлекеттік басқару саласы бойынша әлеуметтік және ғылыми зерттеулерге сүйену маңызды. Дамыған елдерде Үкімет қабылдайтын шешімдерді ғылыми тұрғыда зерттеу туралы заңдар бар. Сол заң біздің мемлекеттік басқару жүйесіне де қажет. Біз жұмыс нәтижесін көбіне тек жиын, бас қосуларда ғана баяндаймыз. Сондықтан алдымен ғылыми зерттеулерге назар аударып, ғалымдар қаққан дабылға құлақ асуымыз керек. Қазақстан мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру мен электронды қызмет бойынша халықаралық сарапшылардың ең жоғары бағасын алды. Олай болса соның жемісін халық неге толыққанды көрмей жатыр? Оған тұсау саяси жүйе», - деді Әлихан Бәйменов ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның айтуынша, мемлекеттік басқару саласындағы саяси жүйені өзгерту қажет.

«Мемлекет басшысының халыққа жолдауында адам құқығымен қоса, мемлекеттік басқару мен қызметтің тиімділігін арттыру мәселесі тұрақты қозғалып келеді. Мемлекетті құратын адамдар, сондықтан адами ресурс - маңызды фактор. Осыған байланысты персоналды басқару қызметін толыққанды HR (эйчар) бөлімшелерге реформалау және заманауи технологияларды пайдаланатын мамандарды тарту, қолданыстағы персоналды басқару қызметінде жұмыс істейтін қызметшілерді оқытуды жүргізу қажет», - дейді ол.

Бүгін елордада онлайн форматта ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Аталған жиынды ашқан ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов жайлылық пен жылдамдық мемлекеттік қызметтің басты принципіне айналуы керектігін айтты.

Сондай-ақ, қазақстандықтардың мемлекеттік қызмет сапасына қаншалықты көңілі толатыны белгілі болды.

Одан бөлек, Қазақстанда мемлекеттік қызметтен шығу тәртібі жеңілдейді.