Қазақстанда Ұлттық қор қаражатын басқару саясаты өзгереді
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қор қаражаты қандай жобаларға салынып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.
«Бізде екі портфель бар – тұрақтандыру және жинақ портфелі. Тұрақтандыру неғұрлым өтімді саналады – 17%. Ұлттық қордан шамамен 10 миллиард теңге тұрақтандыру қоржынында. Бұл қаржы жағдай күрт нашарлаған жағдайда, өтімді активтерді тез арада сатып, бюджетке тиісті транш арқылы көмектесуіміз үшін қажет. Қалған 83% – жоғары кіріс алуға бағытталған ұзақ мерзімді және орта мерзімді тетіктер. Біз үйлестірген деңгей 80/20 шамасында болды. Яғни, 20 пайызы акциялар мен қаржы нарығының басқа да құралдарына, ал 80% дамыған елдердің облигацияларына салынды. Олар өте сенімді, бірақ көп кіріс бермейді», - деді Т.Сүлейменов Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың сұрағына жауап бере отырып.
ҰБ төрағасы Ұлттық қорды басқару саясаты өзгеретінін мәлімдеді.
«Ұлттық қорды неғұрлым прогрессивті және көбірек кіріспен басқару үшін бізге не қажет? Біз тәсілдерді 80/20 деңгейінен 60/40-қа өзгертеміз. Яғни, 60% бұрынғысынша ұзақ мерзімдегі сенімді бағалы қағаздарда қалады, бірақ табысы төмен. Бұл тұрғыда біз 40 пайызын кірісі жоғары активтерге салғымыз келеді», – деді Т.Сүлейменов.
Ол осы мәселеде теңгерімді сақтап, пайдаға алданып қалмау маңызды екенін атап өтті.
«Өйткені егер біз шамадан тыс табыстың соңына түсіп кетсек, пайдаға алданып қалсақ, 2025-2026 жылдары ұзақ мерзімді перспективада ұтылып қалуымыз мүмкін», - деп түсіндірді ҰБ басшысы.
Мысал ретінде ол Норвегия қорындағы жағдайды келтірді.
«Былтыр бұл қор өзінің құнының шамамен 20%-ын жоғалтты. Себебі олар агрессивті саясат жүргізді. Олар акцияларға көп инвестициялады және бірден айтарлықтай үлкен соманы жоғалтты. Сондықтан біз бұл теңгерімді базалық түрде, яғни активтерді үйлестіруді өзгерту арқылы іске асырамыз. Бұл өз кезегінде бізге қосымша жауапкершілік жүктейді», - деді Тимур Сүлейменов.