Қазақстанда Ұлттық дәрілік формуляр әзірленді
Бұл туралы бүгін ОКҚ баспасөз мәслихатында ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лариса Пак мәлім етті.
Ұлттық формулярда мемлекеттік реестрде тіркелген дәрілердің шектеулі бағасы белгіленіп отыр. Бұл өз кезегінде, әлеуметтік жағдайы мен табысының мөлшері төмен әрбір азаматқа дәрілік көмекті қолжетімді етуді қамтамасыз етпек.
«Ұлттық формулярды құру барысында Ұлыбританияның тәжірибесі алынды. Оған халықаралық сарапшылар тартылды. Соның ішінде Британияның ұлттық формулярын жасап шыққан Дункан Энрайт бар. Сонымен қатар Жаңа Зеландия мен Аустралия мамандары қол ұшын берді. Ұлттық формулярды құруда қазақстандық фармакологтар, сарапшылар, профессорлар да шет қалған жоқ», - деп атап өтті комитет басшысының орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш тізімге ғылыми тұрғыда ғана емес, тәжірибеде дәлелденген сапалы дәрілік заттар еніп отыр.
«Дәрі-дәрмек зауыттары біздің елде өз өнімдерінің бағасы қайдан алынғанын дәлелдеулері тиіс болды. Себебі біз дәрілердің ең шекті деңгейін көрсетуіміз керек. Сондықтан өнім бағасының қалай құрылғанын нақты зерделедік. Біз осы мақсатта барлық өндірушілермен үш ай бойы қызу жұмыс жүргіздік. Оның қорытындысы формулярлық комиссияның қарауына жіберілді. Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, фармацевтикалық саланың барлық қауымдастықтары, сондай-ақ ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірді. Яғни формулярды жасақтау процесі ашық түрде өткізілуіне жағдай жасалды», - дейді Л.Пак.
Оның сөзіне қарағанда, бағаны анықтау үшін әрбір сауда атауы бойынша жіті сараптау жүргізілген.
«Біздің ұлттық формулярда 616 халықаралық патенттелмеген сауда атауы бар және мемлекеттік реестрде тіркелген 2842 дәрілік атаулар мен медициналық мақсаттағы 256 бұйымның бағасы көрсетілді», - деді ол.
Ұлттық дәрілік формуляр Қазақстанда бірінші рет әзірленіп жатқанын атап өту керек. Одан басқа, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарға шектеулі баға қалыптастыру жөнінде халықаралық тәжірибе негізінде жаңа ережелер әзірленген болатын.
Оны әзірлеу кезінде клиникалық және экономикалық тиімді, қауіпсіз дәрілік препараттарды тұтыну деңгейін, әр ауруды емдеу курсының бағасын зерттеу бойынша мәліметтер қолданылды.