«Күні кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. «Кинематография туралы» заң 2019 жылы қабылданды. Небәрі 3 жыл өтсе де, әлемдегі кинематография саласының қарқынды дамуын назарға алсақ, кинематография және мәдениет туралы заңды жетілдірудің қажеттілігі туындады», - деді Күміс Сейітова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ министрлік өкілі отандық кинематографияға қатысты соңғы жаңалықпен бөлісті.
«Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырудың тағы бірі – елімізде ұлттық кино комиссиясын құру. Мақсат – халықаралық кино өндірісі үшін фильмдер түсіру алаңы ретінде Қазақстанның мүмкіндігін арттыру. Осы орайда халықаралық кинематография ұйымдарына қойылатын талаптар жеңілдетілді. Яғни еліміздің аумағын фильм түсіру локациясы ретінде қолдану қолжетімді бола түсті», - дейді ол.
Бұған дейін елімізде сахна әдебін сақтамаған әртістерге 477 мың теңгеден бастап, 6,3 млн теңгеге дейін айыппұл салу мәселесі қаралып жатқанын хабарлаған едік.